Ерсайын Нағаспаев құрылыс саласының бірқатар ардагері мен маманын марапаттады
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Құрылысшы күні қарсаңында сала қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты іс-шара барысында министр қазақстандық құрылысшылардың кәсіби қарым-қабілетін, жауапкершілігі мен жанқиярлық еңбегін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, құрылыс саласының еңбеккерлері жыл сайын ел экономикасының дамуына және халқымыздың өмір сүру сапасын арттыруға елеулі үлес қосып келеді.
Былтыр елімізде 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Құрылыс жұмыстарының көлемі былтыр 17,5%-ға артса, биылғы I жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өсім 15,2%.
Отандық құрылысшылардың жетістіктері халықаралық деңгейде де жоғары бағаланды. Биыл еліміздің орнықты әрі жайлы қалалық ортаны қалыптастырудағы озық тәжірибесі Біріккен Ұлттар Ұйымының алаңында таныстырылып, Астананы дамыту тәжірибесі халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды.
«Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес құрылыс саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жүйелі реформалар жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – биыл күшіне енген жаңа Құрылыс кодексі. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында жаңа қалалар мен елді мекендер бой көтеріп, заманауи инфрақұрылым нысандары салынуда. Алдағы уақытта да сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз, өз істеріңізге деген адалдықтарыңыз және дамуға деген ұмтылыстарыңыз ауқымды жобалардың табысты жүзеге асуына әрі азаматтар үшін жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға өз ықпалын тигізе береді деп сенемін», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Салтанатты іс-шара соңында саланың бірқатар ардагер мен маманы «Құрметті құрылысшы», «Құрметті сәулетші» төсбелгілерімен, «Еңбек ардагері» медалімен, сондай-ақ Алғыс хаттармен марапатталды.
Еске сала кетсек, кеше Астанада Құрылысшылар күніне орай сала мамандары марапатталды.