Қазақстанда 70 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет жолбарыс тарихи мекендеу ареалына жіберілді
2026 жылғы 31 шілдеде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында тарихи оқиға орын алды. Қазақстанда 70 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет табиғи мекеніне Амур жолбарысының Үміт атты аналығы жіберілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Жолбарысты табиғи мекеніне жіберу оны тарихи мекендеу ареалына қайтару және популяциясын қалпына келтіру бағдарламасын іске асырудағы алғашқы практикалық қадам болды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нұралыұлы Нысанбаев, Ресей Федерациясының Әділет министрі, «Амур жолбарысы» орталығының бақылау кеңесінің төрағасы Константин Анатольевич Чуйченко, сондай-ақ ғылыми қауымдастықтың, халықаралық табиғат қорғау ұйымдарының өкілдері және жолбарысты қайта жерсіндіру бағдарламасына қатысып жүрген сарапшылар қатысты.
Жолбарысты тарихи мекендеу ареалына қайтару жұмыстарының алдында Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және халықаралық серіктестер бірнеше жыл бойы бірлесіп ауқымды жұмыс жүргізді.
«Бүгін біз шын мәнінде тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Қазақстан аумағында жолбарыс жойылып кеткеніне 70 жылдан астам уақыт өткен соң алғаш рет жолбарыс өзінің тарихи мекендеу ареалына қайта жіберілді. Бұл – мемлекетіміздің, ресейлік әріптестеріміздің, ғалымдар мен халықаралық серіктестердің көп жылғы бірлескен еңбегінің нәтижесі. Алда жолбарыстарды тұрақты бақылау және орнықты популяция қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыс күтіп тұр. Дегенмен бүгін осы маңызды істің алғашқы әрі аса маңызды қадамы жасалды», - деді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағы кездейсоқ таңдалған жоқ. Оңтүстік Балқаш өңірі мен Іле өзенінің бойы тарихи тұрғыдан жолбарыстың табиғи мекені болған. Бұл аумақта Орталық Азиядағы ең ірі жыртқыштардың бірі – Тұран жолбарысы мекендеген. Бірегей тоғайлы ормандар мен мол қоректік база оның тіршілік етуіне қолайлы жағдай қалыптастырған.

Алайда ХХ ғасырдың ортасында тоғайлы ормандар алқабының қысқаруы, жабайы тұяқты жануарлар санының азаюы және браконьерліктің салдарынан жолбарыс Қазақстан аумағынан толықтай жойылды. Жолбарыстың соңғы рет кездескені туралы нақты деректер осыдан 70 жылдан астам уақыт бұрын тіркелген.
Бүгінде жүзеге асырылып жатқан бағдарлама жолбарысты оның тарихи мекендеу орындарына қайтаруға бағытталған. Бұған дейін мемлекет табиғи экожүйені қалпына келтіру және жолбарыстың қайта оралуына қажетті жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыс атқарды. Жолбарысты тарихи мекендеу ареалына қайтаруға дайындық 10 жылдан астам уақыт бойы жүргізілді.
Осы кезеңде мемлекет ауқымды жұмыстарды жүзеге асырды: «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды, жолбарыстың табиғи ортаға қайта оралуына қажетті жағдай жасалды, оның негізгі қорек қоры болып саналатын жабайы тұяқты жануарлардың санын көбейту жұмыстары жүргізілді, жануарларды ұстау мен бейімдеуге арналған арнайы вольерлер салынды, қажетті инфрақұрылым қалыптастырылып, тұрақты ғылыми мониторинг ұйымдастырылды.

Еске салсақ, мамыр айының соңында Ресейден Қазақстанға төрт амур жолбарысы жеткізілген болатын. Аталық жолбарысқа — Амур, аналық жолбарысқа — Үміт, еркек шөнжікке — Тұран, ұрғашысына — Уссури есімдері берілді