Қазақстан соттары жаңа кезеңге өтті: ЖИ сот практикасын талдайды
Қазақстанның барлық соттарында азаматтық істер бойынша «Судьяның цифрлық көмекшісі» сервисін енгізу аяқталып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Жоғарғы Соты баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевтің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып, сот төрелігін цифрлық трансформациялау бағытындағы маңызды бастамалардың біріне айналды.
Жаңа сервис Жоғарғы Сот басшылығы, Сот әкімшілігі және өңірлік соттардың қатысуымен өткен кеңесте таныстырылды. Кеңес барысында сот жүйесіндегі цифрлық шешімдерді дамыту Мемлекет басшысының жасанды интеллект дәуіріндегі технологиялық жаңғыру жөніндегі тапсырмаларымен үндес екені аталып өтті.
Соңғы жылдары еліміздің сот жүйесінде электронды іс жүргізу, аумақтан тыс соттылық, істерді автоматты бөлу және бірқатар процесті роботтандыру тетіктері енгізілген болатын. Енді цифрландырудың жаңа кезеңі сот практикасын интеллектуалды талдау құралдарын пайдаланумен жалғасып отыр.
Жоба бір жарым жыл бойы Астана қаласы мен Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау облыстарының соттарында пилоттық режимде сынақтан өткен. Нәтижесінде жүйенің тиімділігі дәлелденіп, судьялар тарапынан жоғары сұранысқа ие болған.
Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров жаңа жүйе судьяларға жасанды интеллект көмегімен ұқсас сот тәжірибелерін талдауға және нақты іс бойынша ықтимал шешімдерді болжауға мүмкіндік беретінін айтты.
«Зияткерлік іздеу жүйесі талап қою мазмұнын, тараптардың уәждерін және істің өзге де өлшемдерін ескере отырып жұмыс істейді. Сонымен қатар ЖИ талап арыздарды автоматты түрде құрылымдап, тараптардың дәлелдерін бөліп көрсетеді және құжаттарды қазақ және орыс тілдерінде өңдей алады, – деді ол.
Сондай-ақ технологиялық инфрақұрылым да жаңартылған. Қазіргі таңда сервис бұрынғы 4 миллионның орнына шамамен 15 млн бірлік машинада оқылатын ақпаратты өңдеуге қауқарлы және бір мезетте 1000 сұранысты орындай алады.
Бұдан бөлек, сот практикасының мониторинг жүйесі құрылып, статистикалық есептілік жаңартылған. Бұл қалыптасқан тәжірибеден ауытқитын шешімдерді анықтап, сот қызметін жетілдіруге арналған аналитикалық материалдар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Кеңес барысында цифрлық технологиялардың сот жүктемесін азайтып, дауларды шешу сапасына оң әсер етіп жатқаны да айтылды. Мәселен, пилоттық жоба кезеңінде елорда соттарында тараптардың татуласу көрсеткіші орташа республикалық деңгейден жоғары болған. Бұл процеске қатысушыларға ұқсас істер бойынша ақпараттың алдын ала ұсынылуымен және ықтимал құқықтық салдардың түсіндірілуімен байланысты.
Айдар Смағұлов цифрлық құралдар судьяны алмастырмайтынын, керісінше, соттың аналитикалық мүмкіндігін күшейтіп, сот практикасының бірізділігін қамтамасыз етуге көмектесетінін атап өтті.
Жоғарғы Сот мәліметінше, қазіргі уақытта әкімшілік сот ісін жүргізу саласына да осындай жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары аяқталуға жақын.
Бұған дейін Қазақстанда судьяларды даярлау жүйесі күшейтіліп жатқанын жазған болатынбыз.