Президент: Сапалы адам капиталын қалыптастыру және дамыту ісін шындап қолға алу керек

Президент: Сапалы адам капиталын қалыптастыру және дамыту ісін шындап қолға алу керек
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Халық Конституциясының жобасы референдумда жұртшылықтың жаппай қолдауына ие болған жағдайда мемлекеттігіміздің озық инновациялық жүйесін құруға зор мүмкіндік беретін болады. Сондай-ақ бас құжат жасанды интеллект және жаппай цифрландыру дәуірінде Қазақстанның тұрақты дамуына ұзақ мерзімді және мызғымас негіз қалайтыны сөзсіз. 
Дей тұрғанмен сапалы адам капиталы болмаса, қарқынды технологиялық дамуға қол жеткізудің қиын болары айдан анық. Сондықтан осы маңызды міндетті орындау үшін ел өмірінің барлық саласына, атап айтқанда, әлеуметтік саясат пен иммиграцияны реттеу мәселесіне жаңаша көзқараспен қарап, тың тәсілдер әзірлеу қажет болады.
Тағы да қайталап айтамын, технология дамуында нақты прогреске қол жеткізу үшін сапалы адам капиталын қалыптастыру және дамыту ісін шындап қолға алу керек. Бұл проблемаға көз жұма қарауға болмайды. Демек әлеуметтік саясатты, соның ішінде иммиграция мәселесін қайта қарап, жаңа тәсілдер әзірлеген жөн», - деді Мемлекет басшысы.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлем түбегейлі өзгергенін, бұл үдеріс барған сайын үдей түсетінін атап өтіп, күллі Қазақстанға өзгеретін кез келетінін, әйтпесе өте қиын болатынын ескертті.  

«Стратегиялық әлеуетіміздің кілті инфрақұрылым, технология, білім және ғылым салаларында жатыр. Лайым солай болуға тиіс. 
Ұлтты прогресс жолымен өрге сүйрейтін, елімізді өткеннің таптаурын, қасаң түсініктерінен ада өркениетті әрі үйлесімді қоғамға айналдырудың алғашқы қадамдары осы салалардан бастау алуы керек.
Алайда жарқын болашаққа қарай ұмтылу түп-тамырыңды ұмыту деген сөз емес. Мәселе – жаһандық үдерістерге еліктеу туралы да емес, алдымызда тұрған мақсат – болмысымызды жоғалтып, бабаларымыз аманат еткен Ұлы даланың баға жетпес мұрасын жадымыздан шығарып алмау. Оған біздің құқымыз жоқ. 
Дегенмен «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дейді. Біз көне заманнан бері келе жатса да, қазіргі дәуірге сай келетін құндылықтарды ғана пайдалануымыз керек. Сонда ғана дүние жүзінде нағыз жасампаз ұлт ретінде мойындаламыз», - деді ол.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциямыздың жаңа жобасы мәдени кодымызды сақтап, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға мүмкіндік беретініне тоқталып, еліміздің Бас құжаты халқымызды дәстүр мен даму үйлесім тапқан даңғыл жолға түсірмектігін жеткізді. 

«Қуатты және тұрақты экономикасы бар Әділетті, бәсекеге қабілетті Қазақстанды құруға жетелейтін орнықты дамудың институттық және құқықтық негіздері Конституция жобасында көрініс тапты.

Ал қазіргі Ата заңымыз қабылданған шақта Қазақстан еңсесін енді тіктеп жатқан еді. Ол кезде Егемендікті сақтап қалу, билік институттарын құру, елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету міндеттеріне басымдық берілді», - деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Конституция еліміздің қол жеткізген барлық жетістігінің бастауында тұрғанын, бұл – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы екенін мәлімдеді. 

«Бірақ заман бір жерде тұрмайтыны белгілі. Қазір Қазақстан – халықаралық беделі биік, саяси жүйесі мығым, экономикасы орнықты дамып жатқан қуатты мемлекет. Шетелдегі саясаткерлер мен сарапшылар елімізді ірі орта мемлекет ретінде мойындап, құрмет білдіруде.

Біз БҰҰ Жарғысының негізіне айналған халықаралық құқық сақталуы қажет деп санаймыз. Алдағы уақытта да осы қағидаттан айнымаймыз. Бұл – Қазақстанның нақты ұстанымы. Еліміздің Конституциясында ұлттық заңнама талаптарын ескермей, оны екінші орынға қоятын екіұшты ереже болмауы керек. Бұған жол беруге болмайды. Бұл да Тәуелсіздік пен Егемендік мәселесі.

Ата Заңымызда Қазақстан халқының бірлігін, этносаралық, конфессияаралық келісімді, толеранттылықты нығайтатын нормалар бар. Бұл – біздің саяси, рухани құндылықтарымыз. Сондықтан оны құқықтық тетіктер арқылы күллі қоғам болып қорғауға міндеттіміз», - деді ол. 

Президенттің айтуынша, Қазақстанның экономикасы Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі ең үлкен экономика саналады. Қазақстан дүние жүзіндегі ең ірі 50 экономиканың қатарына қосылды. Бұл 20 миллион халқы бар ел үшін жақсы нәтиже. 

«Біз барлық елдермен тығыз қарым-қатынасты дамытып, теңгерімді, салиқалы, ұлт мүддесіне сай сыртқы саясатты жүргізе отырып, өз жолымызбен жүріп келеміз. 

Ал жаңа Конституцияны қабылдау, бұл – уақыт талабы, мемлекетіміздің алдында тұрған өзекті, шұғыл міндет. Бас құжаттың жобасы Қазақстанның тұғыры берік, бағдары айқын, алысқа көз тігетін озық ойлы ел екенін көрсетеді. Оның әр нормасы ұлт мүддесіне қызмет етеді. Ата Заң жобасында Әділдік пен Отаншылдық, Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Адалдық қағидаттары айқын көрініс тапты. 

Біз бәріміз бір ұлт болып тарихи жолдың торабына жеттік, енді халқымыз келе жатқан жалпыхалықтық референдумда ел тағдырына әсер ететін таңдауын жасайды», - деді Мемлекет басшысы.

Президент жиында Қазақстанның әр аймағынан келген көптеген мамандық иелері отырғанын атап өтіп, оларға еңбегі үшін алғыс білдірді. 

«Сіздер түрлі салада табысты жұмыс істеп, еліміздің әлеуетін арттыруға атсалысып келесіздер. Әділетті Қазақстанды өздеріңіз сияқты жауапкершілігі мол, жасампаз, көзі ашық, тиянақты, еңбекке адал азаматтар құрып жатыр. Мен мұны үлкен ризашылықпен атап өткім келеді. Бәріңізді зор құрметке лайық деп санаймын», - деді Мемлекет басшысы.