Референдум-2026

Оралда «Халық Қаһарманы» Иван Гапичпен қоштасты

Бүгін, 15:37
Думан Аманжол Думан Аманжол
Оралда «Халық Қаһарманы» Иван Гапичпен қоштасты
Фото: Бас прокуратура

Орал қаласында Қазақстанның «Халық Қаһарманы», Ұлы Отан соғысының ардагері әрі прокуратура органдарының ардагері Иван Степанович Гапичті ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

103 жасында дүниеден өткен ардагермен қоштасу рәсіміне Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев, Батыс Қазақстан облысының прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, Ақтөбе облысының прокуроры Марат Әбішев, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ марқұмның туған-туыстары қатысты.

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асыловтың атынан марқұмның жақындарына көңіл айтылды. Қоштасу рәсімінде сөз сөйлеген Ғалымжан Қойгелдиев Иван Гапичтің есімі прокуратура органдарының тарихында мемлекетке адал қызмет етудің, ерлік пен кәсіби жауапкершіліктің символы болып қала беретінін атап өтті.

Иван Гапич соғыс жылдарында Польша, Чехословакия және Украина аумақтарын азат етуге қатысып, жауынгерлік ерлігімен көзге түсті. Соғыстан кейін өмірін құқық қорғау саласына арнап, прокуратура органдарында ұзақ жылдар қызмет атқарды. Ол Қарағанды қаласының Сталин ауданының прокуроры, Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, Көкшетау облысының прокуроры қызметтерін атқарды. Сондай-ақ Бас прокуратураның орталық аппаратында аса маңызды істер жөніндегі тергеуші болды. 1966 жылы Батыс Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалып, осы қызметте жиырма жыл еңбек етті.

Ардагердің өмір жолындағы айтулы белестердің бірі – Мәскеуде өткен 1945 жылғы 24 маусымдағы және 2010 жылғы 9 мамырдағы Жеңістің тарихи әскери шерулеріне қатысуы болды.

Бас прокуратураның мәліметінше, Иван Степанович Гапичтің заңдылық пен әділеттілікті нығайтуға қосқан үлесі мен елге сіңірген еңбегі прокуратура қызметкерлерінің бірнеше буынына үлгі болып қала береді. Оның жарқын бейнесі туған-туыстарының, әріптестерінің және оны таныған жандардың жүрегінде мәңгі сақталады.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Халық қаһарманы Иван Гапичтің туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдаған еді.