Өңіраралық жолдарды дамытуға көңіл бөлу қажет - Олжас Бектенов
Үкімет Президенттің тапсырмасы бойынша автожол жобаларын және өңіраралық жолдарды дамытуға баса назар аударып отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Автожол саласын дамыту мәселелері бойынша өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген жаңа автожол жобаларын жүзеге асыру, соның ішінде өңіраралық жолдар желісін дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.
«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа автожол жобаларын жүзеге асыруға баса назар аударды. Елімізде негізгі халықаралық көлік дәліздері стратегиялық бағыт ретінде қалыптасып келеді. Ендігі кезекте өңіраралық жолдарды дамытуға көңіл бөлу қажет. «Қарағанды – Жезқазған», «Бейнеу – Сексеуіл» және басқа да жобалар бойынша биыл барлық қажетті жобалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтап, қаржыландыру және жер учаскелерін резервке қою мәселелерін шешу керек. Астана, Арқалық және Ырғызды байланыстыратын «Орталық – Батыс» жобасын жеделдету қажет», - деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға аталған мәселені бақылауға алу тапсырылды.
Ал Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге «Орталық – Батыс» жобасын үздіксіз қаржыландыруды қамтамасыз ету жүктелді.
Бұған дейін автожол саласында үш жылда 4,6 трлн теңгеге жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отырғанын жаздық.