Конституциялық Сотта БАҚ өкілдері мен бас редакторларға арналған тренинг өтті
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотында Бас редакторлар клубының мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдары және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен конституциялық сот төрелігі мен жаңа Конституцияны іске асыру мәселелеріне арналған оқыту тренингі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шара барысында қатысушыларға Конституциядағы негізгі жаңашылдықтар таныстырылып, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Ата Заңдағы өзгерістер мен жаңа құқықтық жағдайдағы Конституциялық Сот қызметінің ерекшеліктері түсіндірілді.

Сондай-ақ Конституциялық Сот өкілдері Конституцияға заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің сәйкестігін тексеру нәтижесінде қабылданған нормативтік қаулылар мен шешімдерге тоқталып, олардың құқық қолдану практикасының бірізділігін қамтамасыз ету мен Конституцияның үстемдігін нығайтудағы маңызын атап өтті.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар конституциялық сот төрелігінің өзекті мәселелерін, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау тетіктерін және БАҚ-тың құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы рөлін талқылады.
