Елімізде шегірткеге қарсы науқан сәтті аяқталды: егістіктерге зиян келген жоқ
Бүгінгі таңда ел аумағында үйірлі шегіртке зиянкестеріне қарсы қорғаныс іс-шаралары толық көлемде аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ОКҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Химиялық өңдеу жұмыстары 1,8 млн гектар алқапта жүргізілді. Барлық жұмыстар тиісті сапаны қамтамасыз ете отырып, оңтайлы мерзімдерде орындалды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістіктеріне зиян келтіру фактілері тіркелген жоқ. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков хабарлады.
«Өңдеу жұмыстарына 556 бірлік арнайы бүрку техникасы тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға артық. Зерттеп-тексеру іс-шараларына шамамен 3,5 мың адам қатысты, бұл фитосанитариялық мониторинг жүргізу мүмкіндіктерін едәуір күшейтті. Жоғары биологиялық тиімділігі бар пестицидтер қолданылды. Сонымен қатар, шегірткеге қарсы іс-шараларға қатысты азаматтардың өтініштерін жедел қарау мақсатында арнайы call-орталық пен Telegram-бот жұмыс істеді. Өңірлерде барлық мүдделі қызметтердің жұмысын үйлестірген жедел штабтар тұрақты негізде қызмет атқарды», - деді спикер баспасөз конференциясында.
Комитет төрағасының айтуынша, шекара маңындағы аумақтардағы фитосанитариялық жағдай тұрақты. Үйірлі шегіртке зиянкестерінің көші-қону жағдайлары тіркелмеген.
Еске салайық, бұған дейін елімізде 15,9 млн тонна жемшөп дайындалғаны туралы жаздық.