Елімізде астық тасымалы 13 пайызға өсті – ҚТЖ

Елімізде астық тасымалы 13 пайызға өсті – ҚТЖ
Фото: ҚТЖ

Қостанай мен Көкшетауда ҚТЖ астық штабының көшпелі отырыстары өтіп, биылғы егінді тасымалдау және экспорттық бағыттарды ұйымдастыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға жүк жөнелтушілер, трейдерлер мен экспорттаушылар, «Астық Транс» АҚ, әкімдік, көлік прокуратурасы және фитосанитариялық қызмет өкілдері қатысты. Қатысушылар тиеу көлемі, вагондардың қолжетімділігі, экспорттық маршруттар және жаңа егін астығын шығару мәселелерін қарады.

2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында ҚТЖ желісі бойынша 9,3 млн тонна астық тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 13%-ға көп. Оның ішінде экспорт 14%-ға өсіп, 7,2 млн тоннаға, ал республикаішілік тасымал 8%-ға артып, 2,1 млн тоннаға жетті.

Тамызда астық тасымалының айлық көлемі 1,2 млн тонна болып, өткен жылдың тамызымен салыстырғанда 35%-ға артты.

Биылғы егінді тиеу көлемі бойынша Ақмола облысы көш бастап тұр. Тамыз айының басынан бері өңірден 520 мың тоннаға жуық астық жөнелтілді. Оның 409 мың тоннасы экспортқа шығарылса, 111 мың тоннасы – республикаішілік бағыттар. Астық маусымы басталғалы облыстан 80-ге жуық маршруттық құрам жөнелтілді.

Қостанай облысында сегіз айда 1,8 млн тоннадан астам астық тиелді. Оның 1,4 млн тоннадан астамы экспортқа шығарылған. Негізгі экспорттық бағыт – Өзбекстан. Көрші елге 606,4 мың тонна астық жөнелтілді. Сондай-ақ Ресей, Ауғанстан, Тәжікстан, Қытай және басқа да елдерге экспорт жүзеге асырылды.

ҚТЖ биылғы егінді тасымалдауға қажетті жылжымалы құрамды дайындаған. Тасымалға шамамен 16 мың астық тасымалдаушы, 17,8 мыңнан астам жабық вагон және 1 710 локомотив тартылған. Жыл басынан бері локомотив паркі 169 бірлікке толықты.

Экспорттық тасымалдарды қамтамасыз ету үшін бірқатар бағытта тарифтік жеңілдіктер де қарастырылған. Мәселен, Өзбекстан аумағындағы жекелеген учаскелерде 30%-дан 60%-ға дейін, Түркіменстан бағыттарында 30%-дан 50%-ға дейін жеңілдік қолданылады. Ресей бағыттарының кейбір учаскесінде де тариф төмендетілген.

Отырыстар барысында астықты тасымалдау, фитосанитариялық бақылаудан өту және экспорттық бағыттар бойынша жүкті уақтылы жөнелту мәселелері қаралып, ҚТЖ өкілдері жүк жөнелтушілер мен экспорттаушылардың сұрақтарына жауап берді.

Бұған дейін елімізде су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап көлемі үш есеге жуық артқанын жазған едік.