Кенжеболат Бапишев: «Таза Қазақстан» бастамасы жаңа сапалық деңгейге көтерілетініне сенімдіміз
Астана қаласының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Сарыарқа» ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Қоғамдық кеңесінің мүшесі Кенжеболат Бапишев аға буынның «Таза Қазақстан» бастамасының бұдан да биік сапалық деңгейге жететініне кәміл сенім білдіретінін айтып, пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«20 қыркүйек бүкіл әлемде Тазалық күні деп жарияланғаны белгілі. Осы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордамыздың көшелерін аралап, «Таза Қазақстан» акциясына қатысушылар алдында сөз сөйлеген болатын.
Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының маңызына тоқталып, қозғалысты жаңа деңгейге көтеру қажеттігін айтты. Сондай-ақ қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және экологиялық мәдениетті қалыптастырудың өзектілігін атап өтті.
Ел Президенті осы акция аясында Астананың әрі қарай дамуына ерекше тоқтап, қала әкімшілігіне бірқатар тапсырмалар берді.
Президент өз сөзінде жастар мен еріктілерге өз ризашылығын білдіріп, олардың жақсы істерін қолдайтынын айтып өтті», - дейді спикер.
72 жастағы қала тұрғынының айтуынша, ол Астанада жарты ғасырға жуық еңбек етіп келеді. Қазір Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында жұмыс істейтін ол Астананың жылдан-жылға көркейіп, дамып келе жатқанына куә екенін айтты.
«Астанамыз жыл сайын жаңарып, жаңғырып келе жатқанын көзімізбен көріп отырмыз. Қала аумағына серуендеп шыққан әр тұрғын аз уақытта жаңа саябақтар, жаңа қоғамдық кеңістіктер пайда болғанына куә боп жатады. Ал елордаға келген қонақтарымыз қаланың қысқа уақыт ішінде қарқынды дамып келе жатқанына таңданысын жасырмайды. Осындай үдерістерді көріп, біз, аға буын өкілдері «Таза Қазақстан» бастамасының бұдан да биік сапалық деңгейге жететініне және оған қала тұрғындары да өз үлесін қосатынына сенім білдіреміз», - деді ол.
Естеріңізге салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық сипатқа ие болған бастама екенін айтты.