Қазақстан мен GGGI жасыл экономикада әріптестікті күшейтеді

Қазақстан мен GGGI жасыл экономикада әріптестікті күшейтеді
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Сеулде Қазақстан мен Жаһандық жасыл өсу институты (GGGI) арасында ұйымның Қазақстандағы мәртебесі туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құжат GGGI-дің Қазақстандағы құқықтық мәртебесін айқындап, ұйымның ел аумағында тікелей жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Бұл өз кезегінде Қазақстанның мемлекеттік институттарына көрсетілетін сараптамалық қолдауды кеңейтуге, нақты жобаларды жүйелі түрде әзірлеуге және инвестициялар тартуға жағдай жасайды.

GGGI құрамында 55 мемлекет бар және ұйым 57-ден астам елде бағдарламаларды жүзеге асырады. Қазақстан институтқа 2022 жылдан бері мүше.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыты – Қазақстанның жасыл экономикаға көшуін қолдау. Тараптар осы мақсатта сараптама, заманауи технологиялар мен инвестицияларды тарту арқылы нақты экономикалық және экологиялық нәтижелерге қол жеткізуді көздейді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапары аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының 8-ші Бас хатшысы, Жаһандық жасыл даму институтының (GGGI) төрағасы Пан Ги Мунмен жүздескен еді.