Елімізде 1 млн-нан астам әйел шағын және орта бизнесті басқарады

Елімізде 1 млн-нан астам әйел шағын және орта бизнесті басқарады
Фото: Жасұлан Жұмабеков, Талғат Таныбаев

2025 жылы Қазақстанда бір миллионнан астам әйел шағын және орта бизнесті басқарады. Бұл шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 48,1%-ы, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап. 

Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен елімізде жиырма Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы және шағын қалалар мен ауылдарда 164 өңірлік орталық жұмыс істейді. Олар қызметтерді ақысыз ұсынып, ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерді қамтиды.
Ведомствоның мәлімдеуінше, бүгінгі таңда әйелдер кәсіпкерлігін қолдау үшін төрт негізгі құрал бар.

Біріншісі — ақпараттық-консультациялық көмек. Әйелдер негізгі сұрақтарға жауап алады: бизнесті қалай тіркеу, ЭҚЖЖ таңдау, құжат ресімдеу, мемлекеттік қолдауды пайдалану және тендерлерге қатысу.  2026 жылғы 1 қаңтарда 16,3 мың әйелге 60 мың нана астам қызмет көрсетілді.

Екіншісі — жұмыс істеп тұрған бизнесті сервистік қолдау. Бұл бухгалтерлік есеп, салық, есептілік, «1С», бизнес-жоспар мен ілгерілету стратегиясын әзірлеу. Барлығы 6 410 әйелге 7 106 қызмет ұсынылды.

Үшінші құрал — «Іскерлік байланыстар». Кәсіпкерлер шетелдік әріптестермен байланыс орнатып. шетелде тағылымдамадан өтеді. Бағдарламаны 36 кәсіпкер, оның ішінде 10 әйел аяқтады.

Төртінші құрал — жергілікті өндірушілердің әлеуетін ашуға көмектесетін және ауылдық жердің экономикалық дамуын күшейтетін «Бір ауыл-бір өнім» жобасы. Бүгінгі таңда қатысушылардың 90%-ы әйелдер. 1 мыңнан астам қатысушы кеңес алса, оның ішінде 742-сі әйел. 38-і финалист атанды. Жоба 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік грант алуға және оқытуда, брендингте және өнімді жылжытуға қолдау алуға мүмкіндік береді.

Тағы бір бағыт — ЕҚДБ-мен бірлескен «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы. 2015 жылдан бастап 565 консалтингтік және коучингтік жоба өткізілген. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 10 мыңға жуық кәсіпкер «Микробизнестегі әйелдер» бес модульді онлайн бағдарламасына қатысты. 

1 және 2 Кепілдік қорлары шеңберінде кепілдік беру құралы. Бұл тетік шағын және орта бизнеске 7 млрд теңгеге дейін ірі несие алуға көмектеседі. 3 110 жобаға қолдау көрсетілді, оның ішінде 1 262 жобаны әйелдер іске асырған. Олар 132,4 млрд теңгеге несие алды.

«Әйелдер сауданы, қызметтерді, сұлулық индустриясын, қоғамдық тамақтануды, білім беру жобаларын, сондай-ақ экологиялық және әлеуметтік бастамаларды батыл дамытуда. Олар өңір экономикасын нығайта әрі заманауи даму трендін қолдай отырып, тұрақты, технологиялық және қоғамдастыққа бағытталған кәсіпорындар құруда», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Астанада «Көктем шақырады» атты көрме ашылды.