Елімізде өткен жылы еңбек жағдайындағы оқыс оқиғалардан 202 адам қаза болған. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«2024 жылы жазатайым оқиғалардан 1 408 адам зардап шекті, олардың ішінде 202 адам қаза тапты. 445 мыңнан астам жұмыс орны әлі де зиянды және (немесе) қауіпті ретінде жіктеледі», - деді ол Үкімет отырысында.
Сондай-ақ ведомство басшысы өндірістік жарақаттардан жапа шеккен адамдар жайлы да мәлімет келтірді.
«15 976 азаматтың кәсіптік еңбекке қабілеттілігінің жоғалғаны анықталды, оның ішінде 8 204 адам кәсіби аурулардан және 7 771 адам өндірістік жарақаттардан зардап шеккен», - деді Светлана Жақыпова.
Айта кетейік, биыл еңбек инспекторлары 19,1 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғады.