Астаналық полицейлердің жедел әрекеті қайғылы жағдайлардың алдын алды

Бүгін, 15:14
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астаналық полицейлердің жедел әрекеті қайғылы жағдайлардың алдын алды
Фото: Polisia.kz

Астана қаласының полиция қызметкерлері азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау бағытында жоғары кәсібилік пен батылдық танытқан, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Соңғы уақытта тәртіп сақшылары тек құқық бұзушылықтың алдын алумен шектелмей, адам өмірін сақтап қалуда да маңызды рөл атқарып келеді. Оның бір мысалы - көпқабатты үйдің сегізінші қабатындағы қайғылы жағдайдың алдын алу оқиғасы. 

Учаскелік полиция инспекторы Рахметолла Нұрымов аз уақыт ішінде жағдайды бағамдап, кәсіби шеберлік таныту арқылы балконнан құлағалы тұрған әйелді аман алып қалған. Сонымен қатар, Біржан сал көшесінде патрульдік полиция полкінің инспекторлары Диас Әбітбек пен Әділбек Разақов көшеде кенеттен есінен танып құлаған әйелге жедел жәрдем келгенге дейін алғашқы көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалуға көмектескен.

Оған қоса, патрульдік полиция полкінің инспекторы Әділбек Разақов пен Жедел қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы Жалғас Әбітай көшеде жағдайы күрт нашарлаған қарияға дер кезінде көмек көрсеткен. Полицейлер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем қызметінің уақытылы келуін қамтамасыз етті. Келесі жағдайда Ильдар Рамазанов пен жедел қызметтер шатырда тұрған жас азаматпен келіссөздер жүргізіп, сеніміне кіріп, оның өмірін сақтап қалған. Психологтардың қатысуымен өткен операция сәтті аяқталды.

Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері Салават Мұхамбетов те түнгі уақытта балконнан құлау қаупі төнген азаматты дер кезінде құтқарып, қайғылы жағдайдың алдын алды. Сондай-ақ, мұз үстінде балық аулаған 59 жастағы азамат екі ойыққа қолы қысылып қалып, өздігінен шыға алмай қалған. Патрульдік полиция қызметкерлері Кенжебек Әлібаев пен Олжас Бортай жедел жетіп, оны қауіпсіз жерге шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

Еске салсақ, халықаралық іздеуде жүрген күдікті Түркиядан елімізге жеткізілді.