Астанадағы соңғы соғыс ардагері: Рзағұл атаның ерлігі ешқашан ұмытылмайды

Бүгін, 09:15
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанадағы соңғы соғыс ардагері: Рзағұл атаның ерлігі ешқашан ұмытылмайды
Фото: майдангердің жеке мұрағаты

9 мамырЖеңіс күні. Бұл күн бейбіт өмірдің бағасын ұғындырып, Отан үшін от кешкен батырларға тағзым ететін ерекше мереке. Сол сұрапыл соғыстың куәсі, ел қорғаған ерлердің бірі – Рзағұл Байкешев болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі

Рзағұл ата 1923 жылы 18 қазанда Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданындағы Буденный атындағы №52 жылқы зауыты совхозында дүниеге келген. Балалық шағы еңбекпен өткен ол 1934 жылы мектеп табалдырығын аттайды. Алайда жастық шағының ең бір алаңсыз кезеңі соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді.

«1941 жылдың соңында 17 жасымда Ақтөбе қаласында әскерге шақырылып, Кононов басқарған 39-армия құрамындағы 101-ші ерекше атқыштар бригадасына қабылдандым. Майдан даласында жаумен Калинин облысында, Ржев, Великий Луг қалалары мен Польша мен Мажарстан жерінде шайқастым. 1945 жылдың қаңтарында ауыр жарақат алып, Мажарстандағы далалық госпитальда ем алдым», - дейді қарт майдангер.

Рзағұл ата соғыстың ауыр зардабын көрсе де, сағы сынбай, елге оралған. Соғыстан кейінгі жылдары туған жерінде еңбек етіп, қарапайым жұмысшы ретінде елдің еңсесін көтеруге үлес қосады.

«1956 жылы комсомол жолдамасымен Ақмола өңіріне тың игеруге келдім. Өмірімнің осы кезеңінде отбасын құрып, екі ұл тәрбиелеп өсірдім. Бүгінде менің бес немерем, тоғыз шөберем бар. Бәрі де өсіп-өнуде», - деді ол.

Майдангер Отан алдындағы қызметі үшін бірқатар марапатқа ие болған. Олардың қатарында Жеңіс ордені мен бірнеше мерейтойлық медаль бар. Бұл наградалар – оның ерлігі мен еңбегінің айқын дәлелі.

Бүгінде елордада тұратын Рзағұл ата – көзі тірі санаулы ардагерлердің бірі емес, осы шаһардағы жалғыз соғыс ардагері. Оның өмір жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресі, ерлік пен төзімнің, Отанға деген шексіз адалдықтың жарқын үлгісі.

Ардагер елімізде тыныштық, халқымызға амандық, аспаны ашық болуын тіледі.