«Астана әлемдік рейтингте»: шетелдік баспасөз елорда туралы не жазып жатыр
Қазақстан астанасы әлемдік туризм картасында пайда болғанына ұзақ уақыт болмаса да, әлемдік БАҚ кейінгі жылдары елордамыздың туристік әлеуетіне назар аудара бастады. Elordainfo.kz Астана туризмі туралы жариялаған шетелдік басылымдарға шолу жасады.
Жаһандық бәсекелестік додасы
Астана халықаралық қаржы орталығы ашылғалы, елорда қаржы орталықтарының жаһандық рейтингтерінде жиі көзге түсіп келеді. GFCI қаржы орталықтарының жаһандық индексінің жаңартылған рейтингіне сәйкес, Астана төрт позицияға көтеріліп, әлемдік қаржы орталықтары арасында 64-орынға тұрақтады. Алғашқы орындарда Нью-Йорк, Лондон және Гонконг қалалары көш бастап келеді.
Сонымен қатар Астана осы рейтинг бойынша соңғы жылдары Прага, Варшава, Стамбұл және Будапешт сияқты қалалардан озып, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде көшбасшылықты сақтап келеді.
Oxford Economics Global Cities Index 2025 қалалардың жаһандық экономикалық рейтингінде Астана 1 мың қаланың ішінен 276-орынға ие болды. Бұл – Орталық Азияның барлық қалалары арасында (Ташкент – 471-орын, Бішкек – 498-орын, Ашхабад – 623-орын) үздік нәтиже.
Сонымен қатар бұл рейтингте Астана Анкарадан (277), Бусаннан (281) және Мәскеу (317) мен Тбилисиден (318) жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Қала экономикада (261) және адами капиталда (125) жақсы бағаға ие болған. Бұл Астананы Люблин (Польша, 279) немесе Валладолид (Испания, 280) сияқты дамып келе жатқан әкімшілік орталықтармен салыстыруға мүмкіндік береді. Астана жоғары зияткерлік ресурстары бар «әкімшілік хаб» моделіне жақын.
Ал Global Cities Index қалалардың жалпы жаһандық рейтингінде Астана 13-позицияға көтеріліп, 121-орынға ие болды. Сонымен қатар Қазақстан астанасы бұл орынды 2022-2023 жылдары да иеленген еді.
Осылайша Астана жаһандық индекстердегі позициясын нығайтып, әлем картасындағы көрнекті қалаға айналып, өңірдегі көшбасшы екенін көрсетіп отыр.
Озық архитектура мен технологиялар
Қазақстанның «Ақылды қала» рейтингісінде 2024 жылы Астананың көш бастағанын жазған The Times of Central Asia басылымы Қазақстан бұл стратегиялық бағытын 2019 жылы енгізе бастағанын атап өткен.

Басылымның мәліметінше, 2020 жылы жарияланған «Ақылды қала» алғашқы ұлттық рейтингісінде Қазақстанның ең ірі мегаполисі Алматы қаласы бірінші орынға көтерілген. Кейінгі жылдары Алматы мен Астана кезек-кезек бірінші және екінші орындарды иеленсе, 2023 жылы Астана айқын көшбасшы атанған.
Қаланың футуристік архитектурасы нақты технологиялық өзгерістермен нығайтылып келеді. Бұл ретте елорданың сәулеті туралы шетелдік басылымдар жарыса жазған.
Британдық танымал журнал Wanderlust Travel Magazine Қазақстанды өзінің ең жақсы туристік бағыттарының тізіміне қосқан. Журналдағы мақалада Астана – жап-жарық әрі ашық кеңістікте шыны мен болаттан кристалданған қиял мен жаңашылдық ұштасқан Ұлы даланың көшпелі мәдениетінен тамыр тартқан мекен екені жазылған.

«Заманауи Астана – әлемге әйгілі шеберлердің қатысуымен құрылған сәулет симфониясы. Жапон сәулетшісі Кисе Курокава қаланың бас жоспарын сызса, Норман Фостер Астана сәулетіне сән қосқан. Оның алғашқы ірі жобасы «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы болды. Ол – үлкен шатырға ұқсайтын неофутуристік аттракцион. Ғимарат қалалық ауқымға кеңейтілген дәстүрлі қазақ үйіне ұқсайды. Бейбітшілік және келісім сарайы да – Фостердің қолтаңбасы. Ал «Бәйтерек» монументі – Астананың ең танымал символы. Қаладағы сәулеті келіскен Астананың орталық мешітіне бас сұқпай өтіп кету қиын», - деп жазған автор.
Француз басылымы Radio Télévision Belge Francophone де шетелдік саяхатшыларды Астананың бас мешітіне кіруге шақырған.

«Ислам сәулетінің классикалық стилінде жасалған бұл архитектуралық ғажайып ғимарат әлемдегі ең үлкен мешіттердің бірі болып саналады», - делінген мақалада.
Ал Kongres-magazine.eu басылымында Астана көптеген зәулім ғимаратпен және инженерлік сәулеттік жауһарлармен көмкерілгенін жазған мақала авторы әлемдегі ең жас астанада MICE-туризмнің қарқын алып келе жатқанын тілге тиек еткен.

Сонымен қатар Backpackadventures.org басылымы да елорданы «Орталық Азияның Дубайы» деп атап, қаланың ғимараттары туралы жазған.

«Егер сіз заманауи архитектураны жақсы көрсеңіз, бұл жағынан Астананы нағыз жұмақ мекен деуге болады. Мұнда зерікпейсіз, айналысатын іс табылады. Қалада жаздың 40 градус ыстығына, ал қыстың 40 градус суығына төзімді футуристік нысандар бар. Астана әлі де өсіп-кеңейіп келеді. Бұл шаһар – пирамидасы, алтын жұмыртқа мұнарасы және шатырдағы сауда орталығы бар әлемдегі ең суық астаналардың бірі», - делінген мақалада.
Euronews.com басылымында Қазақстан астанасындағы бару керек көрнекті орындар туралы жазылған. Мақалада автор қаладағы «Бәйтерек» монументі, «Нұр жол» бульвары, Орталық мешіт пен Әзірет Сұлтан мешіті, «Қазақ елі» монументі, Ұлттық музей, Бейбітшілік және келісім сарайы, Президент саябағы сияқты Астананың көрікті орындарына жеке-жеке тоқталған.

Ал Әзербайжан Мемлекеттік Ақпарат Агенттігі Қазақстанның астанасы шетелдіктерді өзінің мүмкіндіктерімен және ерекше атмосферасымен тартатынын жазған. Сонымен қатар агенттік тілшісі қала тіршілігіне, автобустардағы электронды төлем жүйесінің тиімділігіне назар аударған.

Ресейлік Antennadaily.ru басылымының тілшісі екі күн ішінде Астана өзінің әралуандығымен тәнті еткенін жазған.

«Астана – бұл жай ғана астана емес, бұл – символ. Кең байтақ далада болашақтың қаласын салған халық өзінің тамырын да ұмытпаған. Мұндағы екікүндік жылдам саяхат ішінде көшпелі тайпалардың өткенінен қазіргі мегаполистің болашағына дейінгі сәтке куә болдық. Астананы екі күнде аралау мүмкін емес екен. Әр маусым сайын мұнда қайтып оралғым келеді», - деп жазған автор.
Астана шетелдік меймандарға өзінің бірегейлігі мен қонақжайлылығын көрсетіп келеді.
Орталық Азияның негізгі қаржы-инвестициялық орталығына айналған қала әлемдік рейтингтердегі алдыңғы қатардағы орнымен де шетелдіктердің қызығушылығын арттырып отыр. Ал елордадағы технологиялар мен инфрақұрылымның дамуы халықаралық қауымдастықтың сенімін нығайта түсуде.