2025 жылы Астана қаласының спортшылары қандай ірі жетістіктерге жетті

2025 жылы Астана қаласының спортшылары қандай ірі жетістіктерге жетті
Фото: Халықаралық конькишілер одағы

Республика көлемінде Астана қаласының спортшылары шетелдік жарыстарға ең көп баратын ТОП-3 өңірге кіреді. Осы орайда Elordainfo.kz сайты осы жылдың үздік спортшыларын назарларыңызға ұсынуды жөн көрді.

1️. Көркем гимнастикадан Ақмарал Ерекешеваның жасөспірімдер арасындағы тарихи алтын медалі

Маусым айында жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған Болгариядағы әлем чемпионатында Ақмарал Ерекешева 3 жаттығуда сынға түсіп, 2 алтын, 1 күміс медальді жеңіп алды.

Фото: Халықаралық гимнастика федерациясы

2019 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жаһандық додада бұған дейінгі ең жоғарғы көрсеткіш Эльжана Таниеваға (4-орын) тиесілі болған еді.

Бұдан бөлек, бапкер Меруерт Балғынбаеваның шәкірттері Сингапурдегі Азия чемпионатында топтық жаттығуда чемпион атанды.

2️. Боксшылардың жетістігі

2025 жылы өткен әлем чемпионаттарының қорытындысы бойынша Астана қаласы 2 алтын жүлдені еншіледі. Қос медаль да боксқа тиесілі.

50 келідегі Санжар Тәшкенбай Ливерпуль (Англия) төрінде қарсылас шақ келтірмей, ел тарихында екі дүркін әлем чемпионы атанған 5 спортшының қатарына кірді.

Фото: Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы

Аса ауыр салмаққа ауысқан Айбек Оралбай финалдық жекпе-жекте Өзбекстан өкілін жеңгенінің арқасында Қазақстан құрамасы Ливерпульдегі (Англия) әлем чемпионатының жалпы есебінде (68 ел) топ жарды. Сондай-ақ елордалық егіз спортшыларымыздың екеуі де әлем чемпионы атанып, отандық бокс тарихына енді.

Фото: Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы

3. Шорт-тректен әлем кубогында топ жарған Богдан Вехов

Шорт-тректен жасөспірімдер арасында Астанада алғаш рет өткен әлем кубогының кезеңінде 17 жастағы спортшымыз керемет нәтиже көрсетті.

Ол 1000 және 1500 метр қашықтықта чемпион атанып, тарихи алтын медальді алды.

4️. Грек-рим күресіндегі жаңа есім

Грек-рим күресінен 72 келіде белдесетін 22 жастағы Мерей Мәулетқанов ел ішінде Қазақстан кубогы мен Қазақстан чемпионатында алтын медальді мойынына тақты. Осы жетістіктерінің арқасында спортшы әлем чемпионаттарына қатысуға мүмкіндік алды.

Фото: Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы

Қыркүйек айында Мерей Загребте (Хорватия) өткен жаһандық додада жүлдеге бір қадам жетпей, 5-орынға тұрақтады. Әйтсе де ол жарыс жолында әлем чемпионы Али Арслан (Сербия), Токио және Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Парвиз Насибов (Украина) сынды фавориттерді ұтып, сенсация жасады.

Ал қазан айында Нови-Садта (Сербия) ұйымдастырылған 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.

5️. Шайбалы хоккейден «Астана» клубының сенсациялық жеңісі

Шайбалы хоккейден Jastar hokei lygasy-ның 2024/2025 жылғы маусымында «Астана» командасы күтпеген жерден топ жарды.

Фото: «Астана» жастар командасы

Еліміздегі 13 хоккей клубының қатысуымен өткен Jastar hokei lygasy «Астана» клубы өз тарихында алғаш рет топ жарды. Чемпионатта 7-орын алған елордалықтар плей-оффта бірден мықтыларға тап болды. Олар ширек финалда абсолютті чемпион саналған «Барысты», жартылай финалда былтырғы қола жүлдегер «Торпедо» және финалда тәжірибелі ойыншылардан жасақталған «Ақтөбені» жеңіп кетті. 2020 жылдан бері 1/4 финалдан аса алмаған елордалықтардың бұл көрсеткішін көпшілік күтпегені анық.

Бұған дейін астаналық полицейлер Азия кубогында дзюдодан үздіктер қатарынан көрінген болатын.