Оқушы буллинг пен интернет-алаяқтыққа қарсы бейнероликтер топтамасын іске қосты
16 жастағы оқушы Платон Рыхликов «Заң және тәртіп» қағидатына негізделген әлеуметтік бейнероликтер топтамасын іске қосты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жоба жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Жобада бүгінгі жасөспірімдер үшін өзекті тақырыптар қамтылған: есірткі қылмысы, интернет-алаяқтық, буллинг, сталкинг, жол қозғалысы ережесін бұзу және бұзақылық әрекеттер. Reels форматындағы қысқа бейнелер мектеп оқушылары күнделікті өмірде тап болуы мүмкін жағдайларды шынайы үлгіде көрсетуге мүмкіндік береді.
Сценарийде жастарды заңсыз әрекеттерге тартудың кең таралған тәсілдері, соның ішінде «жеңіл табыс» уәдесімен тыйым салынған заттарды таратуға үгіттеу, интернет арқылы жасалатын алаяқтық схемалар, әлеуметтік желілердегі қудалау мен қоғамдық орындардағы агрессивті мінез-құлық көріністері бейнеленеді. Әрбір сюжетте мұндай әрекеттердің салдары мен қолданыстағы заңнамада көзделген жауапкершілік мәселесіне айрықша назар аударылады.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай бастамалар – жастардың заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру ісіне өздерінің белсенді қатысуының жарқын көрінісі. Қазіргі таңда құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары дәстүрлі дәріс пен кездесулер аясынан шығып, жасөспірімдер уақытын жиі өткізетін цифрлық кеңістікке ойысып отыр.
Платон Рыхликовтің әлеуметтік медиажобасы «Заң және тәртіп» қағидатын заманауи әрі жас буынға түсінікті форматта жеткізуге болатынын дәлелдейді. Сонымен қатар профилактика шараларының өзі де жасөспірімдердің бастамасымен жүзеге асуы мүмкін екенін көрсетеді.
Еске салайық, бұған дейін елордада жыл басынан бері 20 адам вандализм бойынша жауапкершілікке тартылғаны туралы жаздық.