«Жанымда жүр жақсы адам...»: Астанада 8 наурыз қарсаңында фотобайқау өтеді
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы «Жанымда жүр жақсы адам...» атты фотобайқау өткізуді қолға алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы 35 жасқа дейінгі табысқа жеткен, карьераны, отбасын және жеке дамуын үйлестіре білген жігерлі әрі шабыттандыратын қыз-келіншектердің виртуалды көрмесін ұйымдастыруда.
Байқауға кімдер қатыса алады:
• 35 жасқа дейінгі;
• өз саласында жетістікке жеткен;
• қоғамға үлес қосып жүрген;
• жастарға үлгі бола алатын.
Қатысу үшін кемінде 200 сөзден тұратын жетістік тарихын (үшінші жақта – туыстарының, достарының немесе әріптестерінің атынан) дайындап, 1:1 форматтағы сапалы фотосуретті қоса жариялау қажет. Жарияланымды өз парақшаңызға орналастырып, #8наурыз, #Жанымдажүржақсыадам хэштегтерін көрсету, @astana_jastary парақшасын белгілеу және жарияланымды сториске бөлісу қажет.
Жұмыстар 5 наурызға дейін қабылданады. Үздік оқиғалар «Астана жастары» орталығының ресми парақшасында жарияланады.
Бұған дейін «Кітап оқитын ұлт» байқауының мерзімі жарияланғанын жаздық.