Жаңа заң жобасы мемлекеттік қызметтен білікті кадрлардың кетуін азайтады
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасын іске асыру аясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасын әзірледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Заң жобасының негізгі міндеттерінің бірі – сервистілік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген мемлекеттік қызметтің сервистік моделіне көшу, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруді, сондай-ақ HR-процестерді цифрландыруды қамтамасыз ету.
Заң жобасында мемлекеттік қызметтің миссиясын және оның мемлекеттің конституциялық маңызы бар міндеттерін іске асырудағы қоғамдық маңыздылығын айқындайтын мемлекеттік қызметтің мақсатын, негіздерін бекіту көзделген.
Осы негізде мемлекеттік қызметшілерге және олардың лауазымдық міндеттеріне қойылатын талаптар айқындалып, бұл талаптар мемлекеттік қызметтің атқаратын міндеттерінің сапасына азаматтардың қанағаттану деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.
Заң жобасында мемлекеттік қызметшілердің клиентке бағдарланған мінез-құлық моделін бекітетін нормаларды белгілеу көзделеді, ол мемлекет көрсететін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтармен тиімді өзара іс-қимыл жасау үшін жағдайлар жасауға бағытталған.
«Заң жобасында мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігінің, әдептілігінің және адамгершілік деңгейінің жоғары болуын қамтамасыз етуге бағытталған мінсіз бедел институтын енгізу көзделеді.
Мінсіз беделге қойылатын талаптарды белгілеу тағайындау кезінде қосымша шектеулер енгізуді көздейді, ал оның болуы мемлекеттік лауазымдарға тағайындау мен қызмет бойынша ілгерілетудің негізгі өлшемшартына айналады.
Жас әрі дарынды мамандарды тарту мақсатында заң жобасында мемлекеттік қызметке даярлау институтын мектеп қабырғасынан бастап енгізу көзделеді.
Бұл тәсілді іске асыру мемлекеттік аппараттағы білікті салалық мамандар тапшылығын толықтыруға, негізгі құзыреттерді қалыптастыру мен дамытуға, сондай-ақ олардың мемлекеттік қызмет жүйесінде одан әрі кәсіби және мансаптық дамуы үшін тұрақты жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби өсуі үшін уәждемелік әлеуетті арттыру мақсатында заң жобасында олардың қызмет нәтижелерін бағалау, оқыту және тағылымдамадан өту қорытындылары негізінде бір лауазым шеңберінде көлденең ілгерілету тетігін енгізу көзделген.
Ұсынылып отырған шаралар мемлекеттік қызметтен білікті кадрлардың кетуін азайтуға, оның тартымдылығын арттыруға, сондай-ақ дарынды және құзыретті мамандарды ұстап қалу үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.
Институционалдық әлеуетті нығайту және институционалдық сабақтастықты қамтамасыз ету мақсатында заңнамалық шаралар көзделіп отыр, олар ұзақ еңбек өтілі бар мемлекеттік қызметшілердің білім мен басқарушылық тәжірибені беруіне бағытталған тәлімгерлік институтын күшейтуді қамтиды.
Заң жобасында мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыруға жәрдемдесетін тұлғалардың құқықтық мәртебесін бекіту, сондай-ақ жақын туыстардың бірлесіп қызмет атқаруына байланысты шектеулер белгілеу көзделеді.
Аталған шаралар мемлекеттік ұйымдарда мүдделер қақтығысының алдын алуға, лауазымдық өкілеттіктерді жеке мүдделер үшін пайдалануға әкеп соғуы мүмкін әрекеттерге жол бермеуге, сондай-ақ қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Кадрлық ұтқырлықты ынталандыру мен кадр құрамының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында заң жобасында мемлекеттік орган елді мекеннен тыс жерге көшірілген жағдайда мемлекеттік қызметшілерге кепілдіктер мен өтемақылар бекіту көзделген.
Сонымен қатар заң жобасында тәртіптік жауаптылыққа тартудың икемді тәсілдері мен негіздерін енгізу қарастырылған, бұл жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды бір мезгілде ескеруге мүмкіндік береді, мемлекеттік қызметшілерді негізсіз жазалаудан қорғауды және олардың бастамашылдығын ынталандыруды қамтамасыз етеді.
Ілеспе заң жобасымен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне, «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы», «Білім туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заң жобасымен сәйкестендіру мақсатында өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.
Заң жобаларын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды.
Бұған дейін Астанада мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнаманың сақталуы бойынша тексеру жүргізілген болатын.