TikTok-та құмар ойын өткізіп, 93 млн теңге табыс тапқан Шымкент тұрғындары қамауға алынды

Бүгін, 12:44
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
TikTok-та құмар ойын өткізіп, 93 млн теңге табыс тапқан Шымкент тұрғындары қамауға алынды
Фото: freepik.com

Қаржылық мониторинг агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті заңсыз онлайн-ойын бизнесін ұйымдастырған адамдар тобының әрекетін тоқтатты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Күдіктілер екі жыл бойы TauBrat парақшасы арқылы TikTok және YouTube платформаларында тікелей эфирлерде «Тринька» атты заңсыз құмар ойын өткізген.

Қылмыстық жолмен табылған кірістерді заңдастыру үшін олар банктік карталар рәсімделген «дроптарды» пайдаланып, ақша қолма-қол шығарылған.

Жалпы қылмыстық табыс 93 млн теңгеден асып, сол қаражатқа күдіктілер Hyundai Sonata автокөлігін және тұрғын үйі бар жер телімін сатып алған.

Соттың санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.

Екі күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Бұған дейін елімізде заңсыз ойын бизнесін жүзеге асырумен айналысатын топ әшкереленгенін жазған болатынбыз.