Соңғы үш жылда отандық фармацевтикалық өнім нарығының көлемі 40%-ға өсті - ДСМ
Соңғы бірнеше жылдың ішінде отандық фармацевтика өнеркәсібі тұрақты өсім көрсетіп келеді. Қазақстандағы фармацевтика өнімі нарығының көлемі 2023 жылдан бері шамамен 40%-ға өсіп, 2023 жылғы 139,8 млрд теңгеден 2025 жылдың қорытындысы бойынша 191,1 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бірінші жартыжылдықта отандық өндірушілер 126,6 млрд теңгенің дәрілік заттары мен медициналық бұйымдарын өндірді. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 59%-ға және өткен жылдың бірінші жартыжылдығындағы нәтижеден 29%-ға жоғары.
Оң динамика отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған жүйелі шаралар кешенін және Премьер-министрдің тапсырмаларын іске асыру нәтижесінде қамтамасыз етілді.
Денсаулық сақтау министрлігінің негізгі шешімдерінің қатарында:
- Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алынатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізбесін кеңейту. Бұл қазақстандық өндірушілерге өнім өткізудің ұзақ мерзімді кепілдіктерін қамтамасыз етіп, жергілікті өндіріс көлемін ұлғайтуға жағдай жасады;
- дәрілік заттарды тіркеу кезінде «бір терезе» қағидатын енгізу және сараптама рәсімдерін жеделдету. Нәтижесінде өнімді нарыққа шығару мерзімі айтарлықтай қысқарды;
- дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бағаларын мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру. Бұл нарықтың ашықтығы мен болжамдылығын қамтамасыз етті;
- заманауи дәрілік препараттар өндірісін жергіліктендіруге және жаңа технологияларды тартуға бағытталған инвестициялық келісімдер жасасу бар.
Бүгінде елімізде дәрілік препараттар өндірісін ұйымдастыру бойынша 8 ірі инвестициялық келісім жасалды.
Сыртқы сауда саласында да оң динамика байқалады. 2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша фармацевтикалық өнім экспортының көлемі 38,5 млн долларға жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 60%-ға жоғары.
Саладағы инвестициялық белсенділік те жоғары деңгейде сақталды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша фармацевтика өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 56%-ға артып, 142,8 млн долларға жетті.
Еске сала кетсек, ДСМ келесі жылға дәрі-дәрмекті сатып алуды мерзімінен бұрын бастады.