Сатыбалды Дәулеталин: Жаңа Конституция жобасында әлеуметтік мемлекет ұғымы күшейтіледі

Сатыбалды Дәулеталин: Жаңа Конституция жобасында әлеуметтік мемлекет ұғымы күшейтіледі
Фото: Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі

Құжатта әлеуметтік мемлекет ұғымы күшейтіледі. Бұл халықтың әл ауқаты экономиканың жай жанама нәтижесі емес, мемлекеттік саясаттың басты мақсатына айналады дегенді білдіреді. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Жаңа Конституция жобасы жөнінде осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, жаңа Конституцияны тек әлеуметтік кепілдіктер жиынтығы ретінде ғана қарамау керек. Оның мәні жеке құқықтарда ғана емес, елдегі өмір ережелерін қайтадан бірге айқындауға ұмтылыста жатыр.

«Бұрын қалыптасқан түсінік қарапайым еді: мемлекет тұрақтылықты қамтамасыз етеді, экономика өседі, ал еңбек адамы өзгерістерге өзі бейімделеді. Бірақ уақыт бұл жүйенің шегі бар екенін көрсетті. Бүгін адамдарға тек тұрақтылық жеткіліксіз. Олар әділеттілікті, түсінікті ережелерді және өз еңбегіне деген құрметті қалайды. Жаңа Конституция жобасы дәл осы жаңа көзқарасты бекітуге бағытталған.

Бірінші жүйелі өзгеріс – мемлекет тек басқару үшін емес, адамдардың өмір сапасы үшін де жауапкершілік алады.

Құжатта әлеуметтік мемлекет ұғымы күшейтіледі. Бұл халықтың әл ауқаты экономиканың жай жанама нәтижесі емес, мемлекеттік саясаттың басты мақсатына айналады дегенді білдіреді. Жаңа қоғамдық келісімнің мәні мынадай: адам адал еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосады, ал мемлекет еңбек лайықты өмір сүруге мүмкіндік беретін әділ ережелерді қамтамасыз етеді», - деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасының пайымынша бұл технологиялық өзгерістер кезеңінде маңызды. Ол автоматтандыру, цифрлық платформалар, жасанды интеллект еңбек нарығын бұрынғыдан әлдеқайда жылдам өзгертіп жатқанынан тоқталды. Конституция адами капиталды дамыту қағидаты арқылы мемлекет адамдарға осы өзгерістерге бейімделуге көмектесуге міндетті екенін бекітеді. Яғни оқу, қайта даярлау, жаңа дағдыларды меңгеру қолдау табуы тиіс. Бұл өткенді емес, болашақ еңбекті қорғау деген сөз.

«Екінші жүйелі қағидат – әділеттілік шешім қабылдаудың негізгі өлшеміне айналады. Алғаш рет мемлекет негіздерінің деңгейінде Әділетті Қазақстан және ынтымақтастық идеясы бекітіліп отыр. Еңбек адамы үшін бұл реформалардың логикасы өзгеретінін білдіреді. Бұрын өзгерістер көбіне тек экономикалық тиімділік арқылы бағаланса, енді конституциялық бағыт пайда болады: қабылданатын шешімдер әлеуметтік алшақтықты күшейтпеуі және барлық тәуекелді жұмыскерлерге ғана жүктемеуі керек», - деді ол.

Сатыбалды Дәулеталиннің пікірінше үшінші маңызды бағыт – заңның үстемдігі және ережелердің тұрақтылығы.

«Еңбек адамы үшін ең үлкен мәселе әрдайым табыстың аздығы емес, белгісіздік. Ережелер күтпеген жерден өзгеріп кетсе, бұрынғы кепілдіктер жоғалып кетсе, заң бәріне бірдей жұмыс істемесе, адамдар өз болашағына сенім жоғалтады. Конституцияның тікелей әрекет етуі және азаматтардың жағдайын кері күшпен нашарлатуға тыйым салу нормалары осы сенімнің жаңа негізін қалыптастырады. Яғни мемлекет ережелер адамға қарсы өзгермеуі тиіс екенін нақты бекітеді. Бұл ұзақ мерзімді сенім береді. Адамдар өмірін жоспарлай бастайды, ипотека алады, балалардың біліміне қаржы салады. Өйткені ертең ережелер күрт өзгеріп кетпейтініне сенім пайда болады», - деді ол.

Сатыбалды Дәулеталин төртінші жүйелі бағыт – қоғамның шешім қабылдауға қатысуы екенін жеткізді.

«Халық кеңесі сияқты қоғамдық қатысу институтының пайда болуы және оған заң шығару бастамасы құқығының берілуі шешімдер тек жоғарыдан қабылданатын бұрынғы үлгіден біртіндеп бас тартуды білдіреді. Жаңа қоғамдық келісім бойынша жұмыскерлердің дауысы мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналуы тиіс.

Кәсіподақтар мен еңбек ұжымдары үшін бұл мәселелерді жай шағым деңгейінде қалдырмай, заң деңгейіне шығару мүмкіндігі. Яғни еңбек қауіпсіздігі, әділ жұмыспен қамту, жұмыстың жаңа түрлерін қорғау, цифрлық платформаларды реттеу сияқты сұрақтарды нақты шешімдерге айналдыруға жол ашылады», - деді ол.

Оның айтуынша, бесінші бағыт – адам қадір қасиеті экономиканың негізі. Алтыншы жүйелі мән – еркіндік пен жауапкершіліктің тепе теңдігі.

Жетінші маңызды бағыт – болашақтың тұрақтылығы.

«Экологияны қорғау, ғылымды, білімді және инновацияны дамыту туралы нормалар еңбекпен тікелей байланысты. Бұл болашақтағы жұмыс орындары бүгін қалыптасатынын мойындау деген сөз. Конституция іс жүзінде білім мен дағдыға негізделген экономикаға көшуді бекітеді. Яғни енді тек табиғи ресурстар ғана емес, адамның біліктілігі мен білімі басты құндылыққа айналады.

Қарапайым тілмен айтсақ, жоба негізіне алынған жаңа қоғамдық келісімді былай түсіндіруге болады. Еңбек адамы адал жұмыс істеп, елдің дамуына үлес қосады. Бизнес дамиды, бірақ әлеуметтік жауапкершілікті сақтайды. Мемлекет қоғамның үстінде тұрмай, әділ ережелерді қамтамасыз етіп, адамдарды қорғайды», - деді Сатыбалды Дәулеталин.

Оның атап өтуінше, реформаның басты мәні билік құрылымдарын өзгерту емес. Негізгі мақсат – мемлекет пен адам арасындағы сенімді қайта қалыптастыру. Яғни еңбек тек бүгін табыс әкеліп қана қоймай, ертеңгі күнге де сенім беруі керек.

«Сондықтан еңбек адамы үшін Конституцияны қолдау – жай саяси қадам емес. Бұл балаларымыз бен немерелеріміз қандай ережемен өмір сүретінін бірге айқындауға қатысу деген сөз», - деп түйіндеді спикер.

Еске салсақ, Қазақстанның конституциялық реформасы Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясында таныстырылды.