Қазақстан тауарын БАӘ нарығына шығаруға қолайлы жағдай жасайтын келісім мақұлданды

Қазақстан тауарын БАӘ нарығына шығаруға қолайлы жағдай жасайтын келісім мақұлданды
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Мәжіліс бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Экономикалық әріптестік туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz төменгі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Құжат сондай-ақ Қазақстан тауарларын Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығына шығару үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Атап айтқанда, екі тараптан да тауар номенклатурасының кемінде 85%-ына қатысты тарифтік либерализациялау (әкелу кезіндегі кедендік баж салығын жою) туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл ретте Әмірліктер тарапы 6 757 тауар позициясына (86,0%) қатысты преференция береді . Оның ішінде 6 565 позиция бойынша әкелгені кедендік баж салықтарының мөлшерлемесін нөлге түсіру арқылы, ал 192 тауар позициясы бойынша ЕАЭО елдерінен бажсыз әкелгені үшін тарифтік квоталар белгілеу арқылы жүзеге асырылады», делінген хабарламада.

Ратификацияланған келісім Біріккен Араб Әмірліктерімен сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-әрекетті арттырудың берік негізіне айналуы тиіс.

Еске сала кетсек, БАӘ-нің ірі банкі Қазақстан нарығына келмек.