Елордада әкенің отбасы мен бала тәрбиесіндегі рөлі талқыланды
Астана қаласы, «TANYM» көпфункционалды кешенінде «Жауапты әке – тұрақты қоғамның тірегі» қалалық форумы басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Форумның мақсаты – қоғамдағы әкенің отбасы мен бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру, жауапты әке мәдениетін қалыптастыру, отбасылық құндылықтарды нығайту және ұлттық тәрбие негізінде саналы ұрпақ тәрбиелеуге ықпал ету.
TEDx форматында ұйымдастырылатын форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, білім беру саласының мамандары, заңгерлер, кәсіпкерлер, психологтар, мәдениет және спорт қайраткерлері, сондай-ақ Әкелер одағының мүшелері шақырылды.
Форум барысында қатысушылар әкелік жауапкершілік, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі, отбасылық қарым-қатынас мәдениеті, ұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеу, жас ұрпақтың бойында азаматтық және адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру мәселелерін сөз қозғайды.
Спикерлер өз тәжірибесімен бөлісіп, қоғамдағы әке мәртебесін арттыруға бағытталған өзекті бастамаларды ортаға салды.
Форум бағдарламасының ерекше бөлігінің бірі – қалалық Әкелер одағы мүшелері мен олардың балаларының қатысуымен орындалатын «Әкелер әнұранының» тұсаукесері өтеді. Бұл шығармашылық жоба әке мен бала арасындағы рухани байланысты нығайтуға және отбасы құндылығын дәріптеуге бағытталған.
Іс-шара қорытындысында қоғамдағы әкелік институтты дамытуға, отбасы құндылықтарын насихаттауға және жас ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып жүрген белсенді әкелер мен қоғам қайраткерлерін марапаттау рәсімі өткізілді.

Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, Астана қалалық филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембай ой бөлісті.
«Ұлт қайраткері Жүсіпбек Аймауытов «жақсы әке – балаға сыншы» деп келелі ой тастапты. Форум мақсаты – жауапты, парасатты әкелер қатарын көбейту. Сонымен қатар, үйдегі, отбасындағы мәдениет қалыптастыру. Қоғамның әр саласында белсенді әкелер, танымал тұлғалар қатысты. Жақсы адамдарды ортаға шығарып насихаттау маңызды. Сонда ата-бабаларымыздан келе жатқан ұлттық құндылықты жандандыру аса қажет», – деді ол.

Сонымен бірге, әкелердің қоғамдағы беделі туралы, оны дамыту, ер адамның рөлін дәріптеу үшін Қазақстан республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сарыбаев Ғалиасқар пікір білдірді.
«Бұл іс-шараның мән-мағынасы зор. Цифрлық дәуірге кірігіп, ЖИ өмірімізге еніп жатыр. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі отбасына, ұлттық құндылықтарға кереғар деректерден абай болуымыз керек. Қазақ халқы «еркекте ес кетсе, әйелден сес кетеді, баладан тәрбие кетеді. Өйткені ер мен әйелі бір-бірін дәріптемейтін жағдайға жетіп жатырмыз. Іргесі шайқалған шаңырақты тұтас ұстап қалуға үлес қосқан абзал. Себебі қоғамның тірегі –берекелі отбасы», – деп түйді.
Олжас ЖОЛДЫБАЙ