Бурабайда найзағай түсіп, орман өртенді
Бүгін сағат 10:43-те «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде найзағай талға түсіп, өрт ошағы тіркелді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
«Smart» орман өртін ерте анықтау жүйесі Бурабай орманшылығы аумағындағы 96-орамның 47-теліміндегі өртті дер кезінде анықтап, жалынның ауқымды аумаққа таралуына жол берілмеді.
Өртті сөндіруге «Бурабай» МҰТП және «ҚазАвиаОрманҚорғау» РМКК күштері жұмылдырылды. 20 маман және 5 техника, оның ішінде өрт сөндіру автокөлігі, шағын орман-патрульдік кешені, сондай-ақ жағдайды әуеден бақылау және іс-қимылды үйлестіру үшін тікұшақ тартылды.

Өрт ошағы сағат 10:43-те анықталып, сағат 11:15-те сөндіру жұмыстары басталды. Ал сағат 11:39-да өрттің таралуы толық оқшауланды. Өрт ошағы көл деңгейінен шамамен 300 метр биіктікте, жартасты бедері бар, тік әрі жетуі қиын аумақта орналасқан, бұл мамандардың жұмысына айтарлықтай қиындық келтірді. Соған қарамастан, қызметкерлер өрттің таралуына жол бермеді.

Министрліктің мәлімдеуінше, ұлттық парк аумағына келтірілген залал көлемі барлық рәсім аяқталғаннан кейін 15 күн ішінде анықталады.
Еске сала кетьсек, Щучинскідегі «Центр плова Loft» кафесіндегі өртке қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады.