Маман пікірі: Ішімдікке тәуелділік мәселесі әлі де өзекті

Маман пікірі: Ішімдікке тәуелділік мәселесі әлі де өзекті
Фото: Айгүл Байболатованың жеке мұрағатынан

Астана қаласы әкімдігіне қарасты №13 қалалық емхананың Профилактика және әлеуметтік-психологияқ көмек бөлімшесінің меңгерушісі Айгүл Байболатова Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында маскүнемдікпен күрес және ішімдікке салынудың алдын алу жолдарын айтып берді.

- Айгүл Қозықызы, ішімдікке салынудың салдары қандай, оның қалай алдын алуға болады?

- Ішімдікке салыну адамның денсаулығына ғана емес, өмірінің барлық жағына әсер етеді. Адамның ағзасы әлсірейді, жүйкесі бұзылады, жүрек пен бауырға зиян келеді. Сонымен қатар мінезі өзгеріп, ашушаңдық, ұрыс-керіс көбейеді. Отбасында түсініспеушілік пайда болып, жұмыс пен оқуға да кері әсер етеді.

Алдын алу үшін ең алдымен адамның өзі бұл әдеттің зиянын түсінуі керек. Бос уақытты пайдалы өткізу, спортпен айналысу, жақсы ортамен араласу көмектеседі. Қиындықты ішімдікпен емес, жақын адамдармен сөйлесу немесе маманның көмегі арқылы шешкен дұрыс.

Ең бастысы -  алкогольді мәселенің шешімі деп қабылдамау. Салауатты өмір салты адамды көптеген қиындықтан қорғайды.

- Бүгінгі таңда қала деңгейінде (немесе емхана тіркелімі бойынша) ішімдікке тәуелділік мәселесі қаншалықты өзекті? Соңғы жылдары тренд қалай өзгерді?

- Қазіргі кезде ішімдікке тәуелділік мәселесі әлі де маңызды. Бұрынғыдай өте көп болмаса да, бұл проблема толық жойылған жоқ. Көп адамдар алкогольді стресс, шаршау немесе жеке қиындықтардан қашу үшін қолданады. Әсіресе үлкен қалаларда жұмыс, қаржы, өмір қарқыны әсер етеді.

Соңғы жылдары ресми есепте тұрған адамдар саны азайған. Бұл бір жағынан жақсы белгі. Себебі жастар арасында спортқа, дұрыс өмір салтына қызығушылық көбейді. Сонымен қатар алкогольдің зияны туралы ақпарат та артты.

Бірақ бұл мәселе азайды дегенмен, толық шешілді деуге болмайды. Кей адамдар дәрігерге бармайды немесе тәуелді екенін мойындамайды. Сондықтан шынайы жағдай ресми статистикадан жоғары болуы мүмкін.

Меніңше, ең бастысы - ішімдікті «уақытша демалыс» немесе «мәселенің шешімі» деп қабылдамау. Адамға қолдау, жақсы орта және пайдалы әдеттер болса, тәуелділіктің алдын алуға болады.

- Көпшілік ішімдікті тек бауырға зиян деп ойлайды. Жалпы, алкоголь ағзаның басқа қандай маңызды жүйелерін (жүйке, жүрек-қан тамырлары, ас қорыту) зақымдайды?

- Көп адамдар алкоголь тек бауырды бұзады деп ойлайды. Бірақ ол бүкіл ағзаға әсер етеді. Ең алдымен ми мен жүйке жүйесі зардап шегеді. Адамның ойлауы баяулап, есте сақтау қабілеті төмендейді, мінезі өзгеруі мүмкін. Кейбір адамдар ашушаң болып кетеді немесе керісінше көңілсіз жүреді.

Жүрекке де зияны көп. Қан қысымы көтеріледі, жүрекке күш түседі. Ұзақ уақыт ішімдік ішетін адамдарда жүрек аурулары жиі кездеседі.

Ас қорыту жүйесі де қатты зардап шегеді. Асқазан ауырып, гастрит немесе жара пайда болуы мүмкін. Тамақ дұрыс қорытылмайды, ағза әлсірейді.

Қысқасы, алкоголь бір ғана бауырды емес, адамның жалпы денсаулығын бұзады. Сондықтан оны қауіпсіз нәрсе деп қарауға болмайды.

- Егер адам өздігінен бұл әдеттен арыла алмаса, емханаға жүгінгенде оған қандай көмек көрсетіледі?

- Егер адам ішімдікті өз күшімен қоя алмай жүрсе, емханада оған арнайы көмек көрсетіледі. Дәрігерлер алдымен адамның жағдайын тексеріп, тәуелділік деңгейін анықтайды. Кейін соған қарай ем тағайындалады.

Көмек әртүрлі болуы мүмкін:

- психологпен сөйлесу;

- дәрі-дәрмек арқылы емдеу;

- күйзеліс пен ұйқы мәселесін түзету;

- арнайы мамандардың кеңесі;

- қажет болса, оңалту бағдарламасы.

Ең маңыздысы - адамды кінәламай, қолдау көрсетуге тырысады. Себебі алкогольге тәуелділік жай әдет емес, денсаулыққа байланысты түйткілді мәселе болып саналады.

Анонимділік мәселесіне келсек, көп жағдайда медициналық ақпарат құпия сақталады. Кейбір орталықтарда анонимді түрде де көмек алуға болады. Сондықтан адам қорықпай, маманға жүгінгені дұрыс. Ертерек басталған ем нәтижелі болады.

- «Қауіпсіз доза» деген ұғым бар ма, әлде кез келген мөлшер ағза үшін у болып есептеле ме?

- Көп адамдар «аз мөлшердегі алкоголь зиянсыз» деп ойлайды. Бірақ қазіргі медицинада алкогольдің толық қауіпсіз дозасы жоқ деген пікір жиі айтылады. Себебі аз болса да, ол ағзаға бәрібір әсер етеді.

Әрине, бір рет аз мөлшер ішу бірден ауыр ауруға әкелмеуі мүмкін. Бірақ алкоголь қанға түсіп, миға, жүрекке және басқа мүшелерге әсер етеді. Егер ол жиі қайталанса, зияны біртіндеп жиналады.

Сонымен қатар әр адамның ағзасы әртүрлі. Біреуге аз мөлшер де ауыр әсер етуі мүмкін, ал біреу оны бірден байқамауы мүмкін. Сондықтан “бәріне бірдей қауіпсіз норма бар” деп айту дұрыс емес.

Сол себепті дәрігерлер алкогольді неғұрлым аз қолдануды, ал денсаулық үшін ең жақсы таңдау - мүлде ішпеу екенін айтады.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Авторы: Альмира Қасқырбаева