Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады

Бүгін, 13:32
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады
Фото: Ақорда

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Президентке елдегі криминогендік ахуал және ішкі істер органдарының алдына қойылған міндеттердің орындалуы жөнінде баяндалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. 

Ержан Сәденов 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша тіркелген қылмыс саны былтырғы кезеңмен салыстырғанда 9 пайызға төмендегенін айтты. 

Оның айтуынша, негізгі санаттар бойынша құқықбұзушылықтың азаюы және қылмысты ашу деңгейінің артуы байқалады.

Алдын алу іс-шаралары мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мәселесіне ерекше назар аударылып отыр.

Ведомство жазаның бұлтартпас қағидатын дәйекті түрде қамтамасыз етіп келеді. Есепті кезеңде өткен жылдары жасалған 1685 қылмыс ашылған. 

Сот төрелігінен жасырынып жүрген 574 қылмыскер, оның ішінде 89-ы шетелден табылды.

Сондай-ақ, ол киберқылмысқа, есірткі қылмысына, ұйымдасқан қылмысқа және экстремизмге қарсы күрес нәтижелері жөнінде ақпарат берді. 

Ішкі істер министрлігінде бұдан басқа қылмыстық топтардың жолын кесу, азаматтарды қауіп-қатерлерден қорғау, сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту бойынша кешенді іс-шаралар қолға алынған.

Мемлекет басшысы министрге елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық жүйені қамтамасыз ету үшін «Заң мен тәртіп» қағидатын нақты жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырма жүктеді.