Астанада жалған нөмір таққан жүргізушілер жауапқа тартылды
Елорда аумағында өткізіліп жатқан жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері үш жалған нөмір тағылған көлікті анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол қозғалысы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан рейд кезінде тәртіп сақшылары қалаға кіреберіс және шығаберіс бағыттағы бақылауды күшейтті.
Мәселен, сағат 15:25 шамасында «Оқжетпес» стационарлық полиция бекетінде «Toyota Land Cruiser» автокөлігі тоқтатылды. Тексеру кезінде 34 жастағы жүргізушінің көлікке көрінеу жалған мемлекеттік нөмір орнатқаны белгілі болды. Аталған құқық бұзушылық бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 3-бөлігімен әкімшілік хаттама рәсімделді.
Сол күні таңғы сағат 04:30 шамасында «Өркен» стационарлық бекетінде «Chevrolet Tahoe» маркалы автокөлік тексерілді. Көлікті басқарған 25 жастағы азаматтың да жалған нөмір белгісін пайдаланғаны анықталып, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік материалдар жиналды.
Бұдан бөлек, сағат 08:30 шамасында Патрульдік полиция мамандандырылған батальон қызметкерлері «Howo» жүк көлігін тоқтатты. Құжатты тексеру барысында 56 жастағы әйел басқарған көлікте заңсыз нөмір белгісі қолданылғаны белгілі болды. Аталған дерек бойынша да әкімшілік хаттама толтырылды.
Еске сала кетсек, қалада жыл басынан бері 80-ге жуық вандализм дерегі тіркелді.