Қазақстан мен ТМД азаматтарының жеке деректерін заңсыз таратқан арна жойылды

Бүгін, 11:03
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қазақстан мен ТМД азаматтарының жеке деректерін заңсыз таратқан арна жойылды
Фото: polisia.kz

Қазақстан мен Чехияның құқық қорғау органдары халықаралық деректер саудасы арнасын жойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитеті, қадағалау органы, сондай-ақ Чехия Республикасының полициясымен бірлесіп жүргізген арнайы операция барысында Қазақстан мен ТМД елдері азаматтарының жеке деректерін заңсыз таратумен айналысқан халықаралық қылмыстық арнаның қызметі тоқтатылды.

ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, жедел-іздестіру шаралары мен құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде халықаралық деңгейде әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленген.

- Қылмыстық іс бойынша күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша, яғни Чехия Республикасының Усти-над-Лабем қаласында, сондай-ақ Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында тінту жұмыстары жүргізілді. Тергеу әрекеттері барысында заңсыз қызметтің дәлелдерін қамтитын көптеген цифрлық ақпарат тасымалдағыштар, сондай-ақ қолма-қол ақша тәркіленді, - деді Жандос Сүйінбай.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдіктілер Қазақстан және көршілес мемлекеттер азаматтарының жеке деректері жинақталған жабық интернет-ресурс құрған. Қылмыстық топтың ішінде нақты міндеттер бөлініп, әрбір қатысушы өзіне жүктелген қызметті атқарған.

Олардың қатарында қылмыстық схеманы үйлестірушілер, тапсырыстарды қабылдап өңдейтін операторлар және заңсыз жолмен алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан тұлғалар болған. Бұл мақсатта дроп-аккаунттар пайдаланылған.

- Әртүрлі заңсыз қызмет түрлеріне, оның ішінде бір реттік сұраныстар мен ресурсқа абоненттік қолжетімділікке арналған арнайы баға тізімі белгіленген. Қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінген адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда. Ішкі істер министрлігі киберқылмысқа қарсы іс-қимылды, жеке деректерді заңсыз таратудың арналары мен көздерін анықтап, жоюды, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бағытындағы кешенді шараларды одан әрі жалғастырады, - деді ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.

Еске салсақ, елімізде 13 мыңнан астам көші-қон заңнамасын бұзу дерегі анықталды.