Астанада полиция қызметін цифрландыру және тұрғындармен байланысты жаңа деңгейге көтеру бағытындағы жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, азаматтардың өтініштерін жедел қабылдап, оларды тиісті қызметтерге бағыттауға мүмкіндік беретін омниканалды жүйе қала тұрғындарына қолжетімді байланыс арнасына айналды.
«Бүгінде аталған жүйе арқылы 45 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Тұрғындар қоғамдық тәртіп, түнгі тыныштық және күнделікті өмірде туындайтын өзге де мәселелер бойынша хабарласып, көмек сұрай алады», - делінеді хабарламада.
Мәселен, түнгі сағат 00:30 шамасында Рахымжан Қошқарбаев даңғылының бойында тұратын тұрғын омниканалды жүйе арқылы шағым түсірген. Оның хабарлауынша, түн ортасында қатты шу, адамдардың айқайы мен дауыстап сөйлеген дыбыстары ұйқысын бұзған. Салдарынан баласы да оянып кеткен.
Бұл жағдай азаматтардың өтініштерін қабылдау жүйесінің күнделікті өмірде туындайтын мәселелерді жеткізуге мүмкіндік беретінін көрсетеді.
Омниканалды жүйенің басты артықшылығы – өтініштерді әртүрлі байланыс арналары арқылы қабылдап, оларды тиісті бөлімшелерге жедел жолдау. Бұл азаматтардың мәселелеріне назар аударып, полиция қызметінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Полиция тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, түнгі уақытта тыныштықты бұзбауға және айналасындағылардың құқығы мен демалысына құрметпен қарауға шақырды.
Еске салсақ, Алматыда тұрғын үйде мефедрон өндіретін есірткі зертханасы жойылды.