Астанада UNIQUE FASHION SHOW – ALPHA BALA жобасының VII маусымы өтті
Астанада Креативті индустрияларды дамыту қорының қолдауымен UNIQUE FASHION SHOW – ALPHA BALA бірегей балалар fashion-жобасының VII маусымы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
THE TOY Business Center алаңында өткен іс-шараға Қазақстанның әр өңірінен келген 300-ге жуық бала, дизайнерлер, сән индустриясының өкілдері, серіктестер, БАҚ қызметкерлері, блогерлер мен қонақтар қатысты.
Жоба балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, инклюзивті мәдениетті қолдауға және жас қатысушылардың өзіне деген сенімін арттыруға бағытталған.
UNIQUE FASHION SHOW-дың басты ерекшелігі – ерекше қажеттілігі бар балалар мен өзге қатысушылардың бір подиумда тең дәрежеде өнер көрсетуі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл әр баланың қоғамда өзін еркін сезінуіне және өз мүмкіндіктеріне сенім қалыптастыруына ықпал етеді.

Балалар киімінің дизайнері, продюсер және жоба ұйымдастырушысы Гүлнұр Бөкеннің айтуынша шараның ерекшелігі – подиумға кәсіби модельдермен қатар, алғашқы қадамдарын жасап жүрген балалар да шығады.
«Шараға мүмкіндігі шектеулі балалардың қатысуына барлық жағдай жасалған. Жобаның басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балалардың қоғамда өздерін еркін сезінуіне мүмкіндік беру және олардың әлеуетін көрсету. Бүгін менің ALPHA BALA брендімнің жаңа топтамасы көрсетіледі. Сонымен қатар Srod қорының жеке коллекциясы мен қазақы нақыштағы сән үлгілері көпшілік назарына ұсынылады», - деді Гүлнұр Бөкен.

Кішкентай қатысушының анасы Гүлнұр Сәрсембай Шымкенттен келгенін айтты.
«Қызым 6 жаста. Ол кастингтің екі кезеңінен де сәтті өтті. Оның модельдік агенттікте білім алып жүргеніне екі жылдан асты. Бүгін ол Барби стиліндегі қызғылт түсті киіммен подиумға шығады. Меніңше, мұндай жобалар балалардың өзіне деген сенімін арттырып, сахнада өзін ұстауды үйретеді. Үлкен аудитория алдында өнер көрсету олардың болашақта биік жетістікке жетуіне ықпал етеді», - деді ол.

Биылғы маусымның ALPHA BALA концепциясы баланың дүниеге келген сәтінен бастап өз әлеуетін танып-білу жолын бейнелеуге негізделген. Авторлық коллекциялар, сән көрсетілімдері мен сахналық қойылымдар арқылы отбасы, махаббат, тәртіп, спорт, арман және өз-өзіне сену құндылықтары насихатталды.
Іс-шара аясында «Розовые Принцессы Любви», «Чёрные Принцессы», Money Maker топтамалары, спорттық бағыттағы сән көрсетілімдері және түрлі шығармашылық перформанстар ұсынылды.

Сондай-ақ бағдарлама барысында дизайнерлік коллекциялар мен балалар брендтерінің көрсетілімдері, инклюзивті дефиле, жас модельдердің өнер көрсетуі, фото және медиа-аймақтар, сондай-ақ қонақтар мен серіктестерге арналған арнайы белсенділіктер ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылар жобаның инклюзивті fashion-индустрияны дамытуға ғана емес, сондай-ақ қазақстандық дизайнерлерді, жергілікті брендтерді және отандық өндірісті қолдауға бағытталғанын атап өтті.
Айта кетейік, жобаны ALFABALA.PROJECT және «Ерекше балалардың ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі бірлесіп өткізді. Биылғы маусымға 3 пен 16 жас аралығындағы 300 бала қатысып, іс-шараны 1 мыңнан астам қонақ тамашалады. Сонымен қатар жоба аясындағы онлайн контенттің қаралымы 10 млн-нан асады деп көзделіп отыр.
