Header Banner

Астанада кәріз иісін азайту үшін қандай жұмыстар жүргізіледі

Астанада кәріз иісін азайту үшін қандай жұмыстар жүргізіледі
Фото: Астана су арнасы

Астанада кәріз жүйесінен тарайтын жағымсыз иісті азайту мақсатында арнайы химиялық препарат қолданылып жатыр. Бұл туралы «Астана су арнасы» кәсіпорнының мамандары мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Кәсіпорын мәліметінше, кәріздік тазарту құрылыстарындағы жағымсыз иістің негізгі көздері – ағынды суды механикалық тазарту нысандары, соның ішінде құмұстағыштар мен бастапқы тұндырғыштар.

Иістің таралуын азайту үшін аталған құрылыстар арнайы қақпақтармен жабылып, газ тазарту жүйелерімен жабдықталған. Сондай-ақ белсендірілген модификацияланған көмір тұрақты түрде қолданылады.

2025 жылдың желтоқсанында YDRO PROCESS биопрепаратының сынағы аяқталған. Кәсіпорынның хабарлауынша, сынақ нәтижесінде тұнба түзілуі азайып, нысандардағы жағымсыз иіс ішінара төмендеген.

Ал 2026 жылдың 26 сәуірінен бастап қаланың кәріз желісіне VTA Calcoferrit OX300 химиялық препараты мөлшерленіп енгізіліп келеді. Бұл шара кәріз жүйесінде жағымсыз иістің пайда болуы мен таралуын азайтуға бағытталған.

Сонымен қатар кәсіпорын 2027 жылы ғылыми-зерттеу институттары мен зертханаларды тарта отырып, жағымсыз иістің көздерін және оның таралуына әсер ететін факторларды зерттеуге қаржы бөлуді жоспарлап отыр.

Алайда зерттеу жұмыстарының нақты мерзімі әзірге белгіленбеген.

Бұған дейін Астанада кәріз суы қайда кететінін жазған едік.