Сарыарқа ауданында заманауи абаттандыру жұмысы жүріп жатыр
Елорданың «Сарыарқа» ауданында тұрғындар үшін жайлы әрі заманауи қалалық орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жалғасып келеді. Соңғы екі жылда ауданның келбетін жақсартуға, көгалдандыру мен инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
2025 жылы ауданда 52 аула абаттандырылды. Оның ішінде 16 аулада кешенді жөндеу жүргізілсе, 36 аула «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жаңартылды. Балалар және спорт алаңдары да жөндеуден өтіп, заманауи резеңке жабындар төселді. Осылайша тұрғындардың демалысы мен белсенді уақыт өткізуіне қолайлы жағдай жасалды. Сонымен қатар бұзылған гараждар мен ескі құрылыстардың, бос жатқан аумақтардың орнында жаңа демалуға арналған қолайлы орындар салынды.
Биыл да қаланы көріктендіруге бағытталған жұмыс жалғасын тапқан. Ауданда жыл басынан бері күрделі жөндеуден өткен 13 аула мен бір қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді.
«Жеңіс даңғылы бойындағы аулаларда алғаш рет экологиялық таза материалдардан жасалған жаңа буын ойын кешендері орнатылды. Сонымен қатар, бұрын пайдаланылмай келген аумақтарды қайта жандандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. А.Үлімжіұлы көшесіндегі бос жатқан жерге жыл соңына дейін тағы үш осындай аумақ абаттандырылады», – дейді аудан әкімдігі.

«Сарыарқа» аудандағы ірі абаттандыру жобаларының бірі – Кенесары көшесін қайта жаңғырту жұмысы. Республика даңғылынан Сарыарқа даңғылына дейінгі шамамен 20 мың шаршы метр аумақты қамтитын жоба аясында жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы жаңартылды. Сондай ақ заманауи жарықтандыру жүйелері орнатылып жатыр.
Бұл – өткен жылғы көгалдандыру жұмысының заңды жалғасы. 2025 жылы Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның алаңы абаттандырылған болатын. Аумақта жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылып, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған тактильді плиталар төселді. Жаңа орындықтар, жарықтандыру тіректері орнатылып, автоматты суару жүйесі жүргізілген еді.
Тарихи маңызы бар нысандар да назардан тыс қалған жоқ. Керей мен Жәнібек хандар гүлбағында абаттандыру және көгалдандыру жүргізіліп, ағаштар мен көпжылдық бұталар отырғызылды. Сонымен қатар Н.Тілендиев даңғылының Көктал көшесінен Астрахан тасжолы көпіріне дейінгі аралықта 510 жапырақты қарағаш пен 44 мыңнан астам сәндік гүлдейтін бұта отырғызылды.
Биыл аудан аумағында 25 мыңнан астам жасыл желек егілмек. Оның ішінде 2 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған.

«Қазіргі уақытта К.Күмісбеков көшесі бойында 415 ағаш пен 2400-ден астам бұта отырғызылды. Жаңа ағаштар мен сәндік өсімдіктер көшелерді, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерді көркейтіп, ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға үлес қосады», делінген әкімдік хабарламасында.
Елордада тұрғындардың жайлылығын арттыру мақсатында қоғамдық көлік инфрақұрылымы да кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Бүгінде «Сарыарқа» ауданында 85 жылы аялдама бар. Оның 71-і аудан әкімдігінің балансында болса, 14-і инвесторлар есебінен орнатылған. 2025 жылдың өзінде 15 жаңа аялдама қойылған.
Еске салайық, бұған дейін Астанада биыл 173 қоғамдық кеңістік абаттандырылатыны туралы жаздық.