Қатты пайдалы қазбаларды барлауға 700-ден астам жаңа лицензия берілді

18 желтоқсан, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Қатты пайдалы қазбаларды барлауға 700-ден астам жаңа лицензия берілді
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметінен

Биыл инвесторларға барлауға 707 лицензия және пайдалы қазбаларды өндіруге 22 лицензия берілді, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкіметтің қорытынды баспасөз конференцияларының сериясы аясында минералды-шикізат базасын басқарудың ашықтығын арттыру туралы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан айтты.

Ол Президенттің тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан саланы жүйелі жаңғыртудың нәтижесінде бүгінде пайдалы қазбалардың 103 түрі мен 10 мыңға жуық кен орны мемлекеттік есепке алынғанын атап өтті.

«Елімізде барлығы 2 907 лицензия және 251 қатты пайдалы қазбалар келісімшарты бар. Біз жер қойнауын тиімді игеру үшін геологиялық саланы жаңа технологиялық деңгейге көшіру бойынша жұмысты жалғастырамыз», - деп атап өтті вице-министр.

Бұған дейін Астанада 14 млрд теңгеге Ұлттық геологиялық қызметтің зертханалық кешені салынатынын жаздық.