Осы жылдың күзінде Жетісу облысында 8 көпірді реконструкциялау аяқталады
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өткен жылғы кезеңдегі автожол саласын дамыту бойынша атқарылған жұмыстар және 2026 жылға арналған жоспарлар туралы есеп берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жетісу облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 4,0 мың км құрайды, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 1 050 шақырым, облыстық маңызы бар жолдар – 2 763 шақырым, аудандық маңызы бар жолдар – 222 шақырым.
Жалпы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 108 көпір орналасқан. Оның ішінде 15 көпір апатты деп танылған болатын.
«Бүгінгі күнде 5 көпірді күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Қалған 10 көпірді реконструкциялауға 2024-2025 жылдары бюджеттен барлығы 4,5 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның сегізі бойынша реконструкциялау жұмыстары биыл күзде толық аяқталады. Қалған екі көпірдің жөндеу жұмыстарын биыл жыл соңында аяқтау үшін жергілікті бюджеттен 3 млрд теңге қаражатты бөлу жоспарланған», - деді облыс әкімі.
Нәтижесінде, жоспарланғандай, барлық 15 апатты көпір биыл реконструкция мен күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін пайдалануға беріледі.
Жалпы, бүгінгі таңда ұзындығы 1050 шақырым болатын республикалық жолдар бойынша нормативтік жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі – 100%, ұзындығы 3 мың шақырым жергілікті жолдар бойынша – 95%.
Бұл көрсеткіштерге бірқатар жобаны жүзеге асыру арқылы қол жеткізілді Олар – «Талдықорған – Достық», «Сарыөзек – Қорғас» республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын және 132 шақырымдық «Талдықорған – Балқаш көлі» облыстық маңызы бар жолды жөндеу.
Осы жолдардың нормативтік жай-күйін қамтамасыз ету мақсатында облыста 2024 жылдан бастап 10 автоматтандырылған өлшеу стансасы орнатылған. Барлық жол жөндеу жұмыстарының сапасын Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы бақылайды.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев бұл бағыттағы жұмыста әлі де жалғасып жатқанын және тұрақты бақылауда екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін биыл ақылы жолдар қатарына жаңа 6 учаске енгізілетіні туралы жаздық.