Мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жаңа жұмыс кестесі Астанадағы кептелісті азайтты ма

Бүгін, 16:01
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жаңа жұмыс кестесі Астанадағы кептелісті азайтты ма
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы көлік жүйесінің дамуы туралы айта келе, мемлекеттік органдар мен бірқатар ұлттық компаниялардың жаңа жұмыс кестесі қаладағы негізгі магистральдарға түсетін жүктемеге қалай әсер еткенін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оның сөзінше, таңғы қарбалас уақытта – сағат 8, 9 және 10 аралығында – негізгі көшелердегі автокөлік саны 10-15%-ға азайған. Ал магистральдардағы жүктеме 5-10%-ға төмендеген.

Мәселен, қыркүйек айының басында таңғы қарбалас уақытта Мәңгілік Ел даңғылымен 4 152 автокөлік өтсе, жұмыс кестесі өзгергеннен кейін өткізу қабілеті 4 420 көлікке дейін артқан. Бұл шамамен 8-9%-ды құрайды. Осындай оң динамика басқа да негізгі көшелерде байқалады.

Сонымен қатар бір жыл ішінде қоғамдық көлікпен қатынау үлесі 43%-ға артқан, ал тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 37%-ға ұлғайды. LRT жүйесі қазіргі уақытта сынақтан өткізілуде. Ол жақында аяқталады.

«Көлік жүйесін дамытудың кешенді бағдарламасында автотұрақ саясаты да қарастырылған. Өткен аптада барлық автотұрақ учаскелері мен автотұрақ кеңістігін қала меншігіне өтеусіз беру туралы келісімге қол қойылды. Яғни, осы аптадан бастап қаланың барлық автотұрақ кеңістігі жеке қолда емес, коммуналдық қызметтердің иелігінде», – деді Жеңіс Қасымбек ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Айта кетейік, бұған дейін қала әкімі жылы аялдамалар қай аудандарда орнатылатынын айтқан болатын.