Мемлекет басшысы медицина кадрларын қолдау бағдарламасын әзірлеуді ұсынды
Мемлекет басшысы медицина саласының білікті мамандарының тапшылығын жою - негізгі мәселе екенін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Әйтсе де ең заманауи ауруханалар мен озық құрал-жабдық – жұмыстың басы ғана екенін түсінгеніміз абзал.
Негізгі мәселе – білікті маман тапшылығын жою, мұның зардабын әсіресе ауылдық жерлер тартып отыр.
Бұл үшін бастапқы медициналық-санитарлық көмек жұмысшыларын қолдау бағдарламасын әзірлеу қажет.
Адамдарға көмектесуге бірінші болып келетін жандар мемлекет қамқорлығын сезінуі керек. Олар үшін лайықты жалақы, толық әлеуметтік пакет және жергілікті жерде жұмыс істеуге ынталандыратын тетіктер болуға тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол сондай-ақ еліміздің жетекші медициналық оқу орындарын одан әрі нығайтуға қолдау көрсету маңызды санайтынын айтты.
«Медициналық білім беру жүйесін дәйекті түрде жаңғыртудың ел болашағы мен ұлт саулығын сақтаудағы стратегиялық мәні зор.
Салалық жоғары оқу орындары бұрынғыдай дәстүрлі білім беру мекемесі емес, іргелі ғылым мен жоғары технологиялар орталығы ретінде жаңғыра бастағаны қуантады.
Білім беру үдерісі жетілдіріліп, клиникалық оқыту тәсілдері кеңеюде. Интернатура кәсіби даярлықтың толық кезеңіне айналады.
Енді оны тәмамдаған түлектер базалық білімді меңгерген дәрігер ретінде жұмысқа кіріседі.
Жаңа буын мамандарын әзірлейтін ұстаханаға айналған еліміздің жетекші медициналық оқу орындарын одан әрі нығайтуға қолдау көрсету маңызды деп санаймын», - деді Президент.