Мемлекет басшысы: әкімдіктер көп жағдайда өтініштерге атүсті қарайды

28 қараша, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Мемлекет басшысы: әкімдіктер көп жағдайда  өтініштерге атүсті қарайды
akorda.kz

Елімізде азаматтардың өтінішін қарауға қатысты ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 «Мемлекет басшысы ретінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына айрықша мән беремін. Елімізде азаматтардың өтінішін қарауға қатысты ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір ауыл әкімі бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы тұрғындардың мәселелерін еш қиындықсыз сараптай алады. Өтініш жолдаған әрбір адамның сауалына нақты жауап берілуге тиіс», - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, әдетте, мұндай хаттардың көбі аймақтағы инфрақұрылым, соның ішінде, жол, аула және балалар алаңы туралы болады.

«Бұл – жергілікті жерде шешімін табуға тиіс негізгі мәселелер. Бірақ әкімдіктер көп жағдайда мұндай өтініштерге атүсті қарайды. Амалы таусылған жұрт орталыққа, тіпті, Президент Әкімшілігіне шағымдануға мәжбүр. Азаматтардың өз әкіміне деген сенім деңгейін осындай хаттардың санынан байқауға болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.