Референдум-2026

LRT: Қосшы мен оң жағалау бағыттары қай көшелермен жүргізіледі

LRT: Қосшы мен оң жағалау бағыттары қай көшелермен жүргізіледі
Фото: Оңалхан Өнерхан

2035 жылға қарай елордада Tarlan Astana көлігінің үш бағытын іске қосу жоспарланып отыр. Жаңа екі бағыт айқыш тәрізді сызба бойына қосылып, қаланың негізгі жолаушылар ағыны қалыптасатын бағытына қосылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Вечерняя Астана» газетінің сайтына сілтеме жасап.

Tarlan Astana әзірге халықаралық әуежайды «Нұрлы жол» теміржол вокзалымен байланыстыратын жалғыз бағыттан тұрады. Болашақта жеңіл рельсті көлік қазіргі желі шегінен тыс аумақтарға шығуы тиіс. Жоспарда елорданың оң жағалауы, Қосшы бағыты және қаланың басқа да негізгі аудандары бар. Бұл өзгерістер Астананың 2035 жылға дейінгі бас жоспарында қарастырылған.

LRT желісін дамыту схемасын таңдауда 10 нұсқа қарастырылды. Мамандар болжамды жолаушылар ағынын, желілердің саны мен ұзындығын, сондай-ақ тәуліктік тасымал көлемін салыстырған. Нәтижесінде айқыш тәрізді схема таңдалды – жаңа желілер жолаушылар ағыны ең көп негізгі бағыт арқылы өтуі тиіс. Құжатқа сәйкес, 2035 жылға қарай Tarlan Astana-ны үш бағытқа созу жоспарланған. Бір жылжымалы құрамның сыйымдылығы 650 жолаушыға шақталған. Сонымен қатар бас жоспарда үш бағытқа қызмет көрсету үшін 16 жылжымалы құрам жеткілікті болатыны атап өтілген.

Бірінші бағыт қазірдің өзінде қалалық көлік жүйесінің бір бөлігіне айналды. Ол әуежайды «Нұрлы жол» теміржол вокзалымен байланыстырып, елорданың басты аудандары арқылы өтеді. Желіде 18 станса бар, ал оның ұзындығы шамамен 22,4 шақырым. Пойыздар 650 жолаушыға дейін тасымалдайды. Көлік жылдамдығы – 60 км/сағ, ең жоғары жылдамдығы – 80 км/сағ. Толық бағытты шамамен 40 минутта жүріп өтуге болады. Қазіргі уақытта жаңа көлік түрінің сұранысқа ие екенін көрдік. Іске қосылғалы алғашқы бір жарым ай ішінде Tarlan Astana шамамен 3,2 млн жолаушы тасымалдаса, маусым айындағы орташа тәуліктік жолаушы ағыны шамамен 70 мың адамға жетті.

Қазіргі таңда екінші бағыт – Қосшы қаласына қарай желіні дамыту қолға алынды. Бұл кезеңнің құрылысы мамыр айында басталған, қаржыландыру уақтылы қамтамасыз етілсе, жобаны 2027 жылы аяқтау көзделіп отыр.

Айта кетерлігі, LRT тікелей Қосшы қаласының ішіне кірмейді. Соңғы станса қаланың кіреберісінде, «Қосшы» стеласының маңында орналастыру көзделген. Мамандардың айтуынша, инженерлік инфрақұрылымның тығыздығына байланысты желіні Қосшының ішімен жүргізу қиын. Дегенмен жолаушылар LRT -ға ауысып мініп, көлікпен елорданың кептелісі көп көшелеріне кірмей-ақ Астанаға қарай сапарын жалғастыра алады.

LRT желісінің ең ауқымды кеңеюі Есіл өзенінің  оң жағалауындағы қала бөлігінде болмақ. Жаңа желі «Астана-1» теміржол вокзалына дейін жетуі тиіс. Оның ұзындығы шамамен 26 шақырым, бағытта 20 станса қарастырылған.

CTS мәліметінше, қаржыландыру болған жағдайда құрылысты техниқалық тұрғыдан шамамен үш жылда аяқтауға болады.

Маршрут сызбасы біртіндеп айқындалып келеді. CTS мәліметінше, желі Сығанақ көшесімен өтіп, кейін «Хан Шатыр» маңында Тұран даңғылына бұрылады, Кенесары көшесіне дейін жетіп, одан әрі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионға бұрылады, содан соң Жеңіс даңғылына түсіп, ескі вокзалға дейін тартады.

Айта кету керек, болашақ желіге қатысты инженерлік зерттеу жұмысы басталып кетті. Сонымен бірге оң жағалаудағы және Қосшы бағытындағы жаңа LRT учаскелерін эстакада түрінде салу жоспарланып отыр. CTS мұны аумақтың құрылыс тығыздығының өзгеруімен түсіндіреді (бастапқыда Қосшыға дейінгі бағытты жер үстімен салу нұсқасы қарастырылған, алайда аумақтың белсенді дамуына байланысты бұл нұсқа қолайсыз болып шықты, өйткені жерүсті маршруты автокөлік қозғалысына қосымша кедергі келтіруі мүмкін еді).

Мамандар атап өткен маңызды тұс – болашақ желіде ауысып міну стансасы. Оны Қабанбай батыр даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысында салу жоспарланып отыр. Станса екі деңгейлі болады, осылайша жолаушылар әртүрлі бағыт арасында түрлі қабатта өзіне қажетті бағытқа ауысып отыра алады. Мысалы, ескі вокзалдан Қосшыға қарай келе жатқан жолаушы осы торапта басқа пойызға ауыса алады. Бұл торап жекелеген желілерді бірыңғай жүйеге – болашақ Астананың өзіндік көлік торабына айналдыруы тиіс. Сонымен бірге мамандар желінің түпкілікті құрылымы мен құрылыс мерзімі ең алдымен қаржыландыруға байланысты болатынын атап өтті.

Юлия ТЕН