ОСК: Халықаралық байқаушыларды аккредиттеу аяқталды
23 тамызға тағайындалған ҚР Құрылтайының депутаттарын сайлау науқаны аясында ҚР Орталық сайлау комиссиясының XIII отырысы өтті. Отырыста шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеудің қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz комиссияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман мәлімдеуінше, халықаралық байқаушыларды аккредиттеу жұмысы 17 тамызда аяқталған.
«Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер министрлігінен 18 шет мемлекет пен 5 халықаралық ұйымнан 121 байқаушының кандидатурасы аккредиттеуге ұсынылды. Оның ішінде ТМД Байқаушылар миссиясынан - 8, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы - 4, ЕҚЫҰ ДИАҚБ Байқаушылар миссиясынан - 7, ШЫҰ миссиясынан - 6, Түркі академиясынан - 3 байқаушы бар. Сондай-ақ Қытай, АҚШ, Таиланд, Ұлыбритания, Түркия, Моңғолия, Үндістан, Индонезия, Франция, Ирак, Словакия, Өзбекстан, Филиппин, Жапония, Бельгия, Иордания, Сербия және Түрікменстан елдерінен 93 байқаушы ұсынылды», - деді Мұхтар Ерман.

Осылайша Құрылтай сайлауын халықаралық байқауға 777 шетелдік байқаушы қатысады. Олар - 42 шет мемлекет пен 13 халықаралық ұйымның өкілдері. Сондай-ақ халықаралық байқаушылар қатарында 41 елдің парламенттерінен 138 депутат бар.
«Халықаралық байқаушылардың саны Құрылтай сайлауына халықаралық қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Олардың қатысуы сайлау науқанының ашықтығы мен жариялылығына ықпал етеді. Бұл - біздің халықаралық міндеттемелерді ұстануымыздың, сондай-ақ электоралдық салада халықаралық ұйымдар және шет мемлекеттермен тығыз ынтымақтастықты жалғастырып келе жатқанымыздың дәлелі. Сондай-ақ басқа елдердің орталық сайлау органдарындағы әріптестеріміздің қатысатындығын атап өткім келеді. Олардың Қазақстанда өткізілетін сайлау науқандарына тұрақты қызығушылық танытып келе жатқаны үшін алғысымды білдіремін. Құрылтай сайлауын байқауға 22 мемлекеттің орталық сайлау органдарының өкілдері, оның ішінде 11 сайлау комиссиясының төрағалары қатысады», - деді Нұрлан Әбдіров.
Еске сала кетсек, 23 тамызда елімізде 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді.