Алаяқтық жасаған күдікті Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған Қазақстан Республикасының азаматын экстрадициялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында 2019 жылдың ақпанында, күдікті алдау жолымен Ақмола облысында орналасқан кен орнында құрамында алтыны бар кенді өндіруге арналған келісімшарт жасасуға жәрдем көрсету сылтауымен үш азаматтың 500 мың АҚШ доллары мөлшеріндегі ақшалай қаражатын иемденгені анықталды. Сонымен қатар, 2021 жылы ол екі кәсіпкерді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен жол-құрылыс жұмыстарымен байланысты келісімшарт жасасуға жәрдем көрсету сылтауымен оған 93,4 млн теңге беруге көндірген.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейін күдікті жасырынған болатын және осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды.
«Өткен жылдың қыркүйек айында ол Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Отанына экстрадицияланды», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Тағылған айыптар үшін мүлікті тәркілей отырып, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру не онсыз жазасы көзделген.
Еске салсақ, СҚО-да полицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алу және тұрғындардың киберқауіпсіздік жөніндегі сауаттылығын арттыру мақсатында WhatsApp мессенджерінде үш арнайы топ құрды.