Ішкі істер министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен және «Bilim Group Ltd» компаниясының IT-мамандарымен бірлесіп, «BilimClass» білім беру платформасына «Заң мен Тәртіп» инновациялық инфрақұрылымын енгізу бойынша бірлескен жобаны іске асыруға кірісті. Аталған платформа еліміздегі мектептерде электрондық күнделік ретінде пайдаланылады., деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бастаманың негізгі мақсаты - бір реттік дәрістерден есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар мен нашақорлықтың алдын алудың жүйелі онлайн форматына көшу. Жоба аясында мамандардың қатысуымен тұрақты вебинарлар өткізу, педагогтерді онлайн оқыту және ата-аналар қауымдастығымен виртуалды кездесулер ұйымдастыру көзделген.
«Заң мен Тәртіп» инфрақұрылымын «BilimClass» платформасына енгізу арқылы оқушылар, ата-аналар және педагогтер тұрғылықты жеріне қарамастан құқықтық және профилактикалық ақпаратты бірдей ала алады.
Цифрлық платформа 2,5 млн-нан астам оқушыны, 350 мың педагогті және 5 млн-нан астам ата-ананы біріктіріп, 5 мыңнан астам мектепті қамтиды.
Платформадағы профилактикалық материалдар үш негізгі санатқа бөлінген:
«Оқушы» - құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған интерактивті тесттер, бейнероликтер мен электрондық буклеттер орналастырылады. Сонымен қатар оқушыларға волонтерлік қызмет туралы және ішкі істер органдарының оқу орындарына түсу мүмкіндіктері жөнінде ақпарат беріледі.
«Ата-ана» - баланың мінез-құлқындағы қауіп белгілерін ерте анықтауға көмектесетін құралдар, «Әр үйге тест» бағдарламасы және қажет болған жағдайда хабарласуға болатын анонимді сенім қызметтерінің байланыстары ұсынылады.
«Педагог» - мұғалімдерге оқушылармен күнделікті профилактикалық жұмыс жүргізуге көмектесетін әдістемелік ұсынымдар мен цифрлық құралдар ұсынылады.
Платформаның басты артықшылығы - білім беру процесінің барлық қатысушылары арасында үздіксіз қашықтан өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігі.
Алдағы уақытта ІІМ платформаның функционалдық мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтуді жоспарлап отыр. Жүйеге лудоманияның алдын алу, жол және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ балаларды интернет кеңістігіндегі өзге де қауіп-қатерлерден қорғауға арналған жаңа өзекті бөлімдер қосылады.
Еске салайық, бұған дейін Астана мұғалімдеріне балаларды құқықбұзушылықтан қорғау жолдары түсіндірілгені туралы жаздық.