Референдум-2026

Елордадағы «Жастар» театрының жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай марапатталды

Бүгін, 14:58
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елордадағы «Жастар» театрының жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай марапатталды
Фото: Ақорда

Елордадағы «Жастар» театрының көркемдік жетекшісі, режиссер, актер әрі педагог Нұрқанат Жақыпбайға «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы берілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Мемлекеттік награданы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада табыстады.

Нұрқанат Жақыпбай – қазіргі қазақ театр өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі. Ол профессор, «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығының лауреаты. Сондай-ақ «Парасат» және «Достық» ордендерімен марапатталған, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие. 2022 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Оның шығармашылық жолында 2007 жылы негізі қаланған «Жастар» театрының орны айрықша. Нұрқанат Жақыпбай театрдағы көп жылғы еңбегі барысында өзіндік театр мектебін қалыптастырып, актерлер мен режиссерлердің жаңа буынын тәрбиеледі. Олардың көпшілігі бүгінде театр труппасының құрамында еңбек етіп жүр.

«Оған «Қазақстанның халық әртісі» атағының берілуі – оның жеке шығармашылығына ғана емес, қазақ театр өнерінің дамуына қосқан көп жылғы еңбегіне берілген жоғары баға. Бұл – бүкіл театр ұжымы үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік», – деді «Жастар» театрының директоры Мақпал Мыса.

Ол режиссермен бірге жұмыс істеу өзі үшін нағыз кәсіби мектеп болғанын атап өтті.

«Оның театрға деген талабы, өнерге деген адалдығы және жас буынға деген сенімі біз үшін әрдайым бағыт-бағдар болып келеді. Осы шығармашылық дәстүрді сақтай отырып, «Жастар» театрының биік белестерді бағындыруы жолында алдағы уақытта да бірге еңбек ететінімізге сенімдімін», – деді театр директоры.

Режиссер классикалық және тарихи шығармалардан бүгінгі заманға сай мән-мағына табуға ұмтылысымен танымал. Оның қойылымдарында музыка, пластика, хореография, костюм және ұлттық нақыш ерекше орын алады. Шығармашылық қоржынында «Шыңғыс хан», «Асауға тұсау», «Ромео мен Джульетта» секілді айтулы қойылымдар бар.

Режиссерлікке дейін Нұрқанат Жақыпбай актер ретінде де жемісті еңбек етті. Сәкен Сейфуллин, Асқар, Әбіш, Горацио және басқа да кейіпкерлердің рөлдерін сомдады. Сонымен қатар «Шоқ пен Шер», «Жаңа жыл кешінде», «Жамбылдың жастық шағы», «Жерұйық» фильмдеріне түсті.

Еске салсақ, Астанада театрларға күн сайын 3 мыңнан астам көрермен барады.