18-24 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында құрлықтағы параспортшылар арасындағы ең ірі халықаралық жарыстардың бірі – V Азия пара ойындары өтеді. Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Астанадан 24 спортшы өнер көрсетеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Азия пара ойындарының бағдарламасына спорттың 18 түрі енгізілген. Жарыс барысында 502 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Елордалық спортшылар спорттың сегіз түрінен ел намысын қорғап, жекелей және командалық сайыстарда бақ сынайды.
Пара жеңіл атлетикадан Айсұлу Сүлейменова мен Дастан Ордабай сынға түседі. Айсұлу Сүлейменова 100 және 200 метрге, ал Дастан Ордабай 400 және 1500 метрге жүгіру сайыстарына қатысады.
Паражүзуден Сиязбек Далиев, Әли Тұрғанбек және Бекасыл Қасымбек бақ сынайды. Ал пара үстел теннисінен ұлттық құрама сапында Александра Степанова, Алтынай Ержанқызы, Балзия Таш және Антонина Рогова өнер көрсетеді.

Пара нысана көздеуден ел намысын алты елордалық спортшы қорғайды. Тапаншамен нысана көздеуден Севда Алиева, Никита Ермаков, Александр Пасхалиди және Айсұлу Мұқашбекова жүлдеге таласса, мылтықпен нысана көздеуден Әйгерім Төлегенова мен Ардақ Оторбаев сынға түседі.

Паравелоспорттан Ринат Марденов пен Берік Қартбай өнер көрсетеді. Парадзюдодан Ерғали Шәмей, Бауыржан Арыстанбеков және Асылан Нұрдәулетов татамиге шығады.
Боччадан Астана атынан Итиана Шыңғысханова мен Ерхат Алмат сынға түседі. Олар тиісінше BC2 және BC1 спорттық санаттарында өнер көрсетеді. Отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан құрамасының сапына елордалық Алмат Оспанов пен Берік Ізмағанбетов енді.
Қазіргі уақытта елордалық спортшылар ұлттық құрама сапында оқу-жаттығу жиындарын жалғастырып жатыр. Дайындық барысында спортшылардың функционалдық жағдайын бақылауға, медициналық сүйемелдеуге және жарыс тәжірибесін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Спортшылар қажетті спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Оқи отырыңыз: астаналық Айбек Оралбай Азия ойындарының чемпионы атанды
Айта кетейік, 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия пара ойындарында Астана атынан спорттың төрт түрінен 10 спортшы өнер көрсеткен болатын. Жарыс қорытындысы бойынша елордалық спортшылар бес медаль – екі алтын, бір күміс және екі қола жүлде жеңіп алған еді.