Елордада көлік полицейлері Қазақстанда тиісті құжаттарсыз еңбек еткен үш шетел азаматын анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Астана станциясындағы теміржол вокзалы аумағында жүргізілген тексеру барысында 22, 28 және 33 жастағы үш шетелдік ұсталды. Олар құрылыс нысанында Қазақстанда еңбек қызметін жүзеге асыруға қажетті құжаттарсыз жұмыс істеген.
Сот шешімімен құқық бұзушылар Қазақстан аумағынан шығарылды.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 3043 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 2801-і Қазақстанда болу тәртібін бұзған. Сот шешімі бойынша 837 шетелдік ел аумағынан шығарылды.
Полиция шетел азаматтарына Қазақстандағы көші-қон заңнамасының талаптарын, соның ішінде елде болу және еңбек қызметін жүзеге асыру тәртібін қатаң сақтауды ескертеді.
Қажетті құжаттарсыз жұмыс істеу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Оның ішінде Қазақстан аумағынан шығару және елге қайта кіруге шектеу қою шаралары қарастырылған.
Еске салсақ, балық аулау кезінде еліміздің шекарасын заңсыз кесіп өткен Иран азаматтарына сот үкімі шықты.