Астанада медицина қызметкерлеріне алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді

5 қазан, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада медицина қызметкерлеріне алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елордалық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері Астана қаласы әкімдігінің №3 көпбейінді қалалық ауруханасының медицина қызметкерлеріне арнап кезекті ақпараттық-түсіндіру кездесуін өткізді. Іс-шара қаржылық сауаттылықты арттыруға және қаржылық шешімдер қабылдау кезінде қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Кездесудің негізгі тақырыбы – азаматтардың қаржы пирамидаларының қызметіне тартылуының алдын алу. Қатысушыларға алаяқтық схемалардың негізгі белгілері, қаржы пирамидаларының жұмыс істеу қағидаттары, ақша ұрлаудың кең таралған тәсілдері, сондай-ақ жоғары әрі кепілдендірілген табыс уәделеріне байланысты тәуекелдер туралы айтылды.

Әлеуетті қауіпті ұсыныстарды дер кезінде анықтауға, ұйым туралы ақпаратты тексеруге, сондай-ақ күмәнді адамдарға ақша мен жеке деректерді бермеуге мүмкіндік беретін практикалық ұсынымдарға ерекше көңіл бөлінді.

Кездесу барысында медицина қызметкерлері өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, заңсыз қаржылық схемаларға қатысуға байланысты нақты тәуекелдерді талқылады.

Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Бұл ретте азаматтардың түрлі санаттарымен ақпараттық-түсіндіру жұмысына ерекше көңіл бөлініп отыр.