Елордада мас күйде көлік жүргізген екі жүргізуші анықталды

Бүгін, 13:55
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада мас күйде көлік жүргізген екі жүргізуші анықталды
Фото: видеодан скрин/police_astana

Астанада түнгі және таңғы уақытта көлік басқарған екі азаматтың мас күйде болғаны анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

«Бірінші жағдай сағат 01:00 шамасында Жанкент көшесінде тіркелді. Полиция қызметкерлері CHEVROLET COBALT автокөлігін басқарған 42 жастағы азаматты тоқтатты. Тексеру барысында оның жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.

Арада бірнеше сағат өткен соң, сағат 05:30 шамасында Республика даңғылындағы жанармай құю станциясында тағы бір мас жүргізуші анықталды. Бұл жолы полиция қызметкерлері CHEVROLET RAVON R3 автокөлігін басқарған 20 жастағы жігітті тексерді. Медициналық куәландыру нәтижесінде оның да жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны белгілі болды», - делінген хабарламада.

Екі жүргізуші де алкогольдік масаң күйде көлік басқарып, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндірген.

Аталған деректер бойынша азаматтарға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік материалдар рәсімделді.

Сот шешімімен екі жүргізуші де 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Еске сала кетейік, елімізде бір аптада мас күйде көлік жүргізген жүздеген жүргізуші анықталды.