Астанада жылыту маусымы басталды. «Астана-Энергия» АҚ 2-ЖЭО директоры Нұртілек Тасатхан Elordainfo.kz тілшісіне елорданың қатты аязға дайындығы, көмір қоры және жылу қуатын арттыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.
Елорданы жылумен 1-ЖЭО, 2-ЖЭО, 3-ЖЭО, газбен жылытатын стансалар және аудандық қазандықтар қамтамасыз етеді. Нұртілек Тасатханның сөзінше, олардың қуаты қазіргі қажеттілікті толық өтеуге ғана емес, қатты аяз кезінде де қаланы тұрақты жылумен қамтамасыз етуге жеткілікті.
«Қатты аяз кезінде «Астана-Энергияның» барлық нысанының қуаты жеткілікті. 1-ЖЭО, 2-ЖЭО, 3-ЖЭО, газбен жылытатын стансалар мен аудандық қазандықтар қаланы қажетті жылумен қамтамасыз ете алады. Күн жылы кезде стансалар максималды қуатпен жұмыс істемейді, қалаға қажетті мөлшерде ғана жылу береді. Ал қатты аязда қуатты арттырамыз», – деді Нұртілек Тасатхан.
Қоймадағы көмір қанша күнге жетеді?
2-ЖЭО директорының айтуынша, жылыту маусымына қажетті негізгі және резервтік отын қоры алдын ала жинақталған. Көмір стансаға қыс бойы үздіксіз жеткізіліп отырады.
«Жылыту маусымына қажетті отын қоры қоймада толық жиналған. Резервтік қорымыз да бар. Егер қандай да бір форс-мажор болып, көмір жеткізу уақытша тоқтап қалса, қазіргі қоймадағы қор 30-35 күнге жетеді. Бірақ осы жерде мен істеп келе жатқан 16 жылдан бері мұндай жағдай болған емес. Көмір қыс бойы үздіксіз жеткізіліп тұрады», – деді ол.
Қатты аяз кезінде 2-ЖЭО-да көмір тұтыну көлемі айтарлықтай артады. Нұртілек Тасатханның сөзінше, мұндай күндері ЖЭО тәулігіне 15-16 мың тоннаға дейін көмір жағады.
«Қатты аяз кезінде тәулігіне 15-16 мың тонна көмір жағамыз. Қажетті көмір көлемі стансаға уақтылы жеткізіліп тұрады», – деді 2-ЖЭО директоры.
2-ЖЭО қазандықтары мен турбиналары жөндеуден өтті
Жылыту маусымына дайындық барысында 2-ЖЭО-ның негізгі жабдықтары күрделі және ағымдағы жөндеуден өткен.
Стансадағы сегіз бу қазандығының екеуіне күрделі, қалған алтауына ағымдағы жөндеу жүргізілген. Алты турбинаның екеуі күрделі жөндеуден өтіп, қалғандарына ағымдағы жөндеу жасалған. Сондай-ақ алты су қыздырғыш қазандықтың екеуі күрделі, төртеуі ағымдағы жөндеуден өткен.

Нұртілек Тасатханның айтуынша, жөндеу жұмыстары тек жоспарлы техникалық қызмет көрсетумен шектелмейді. Жекелеген жабдықтар жаңғыртылып, тозған бөлшектер ауыстырылған.
«Күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жабдықтардың сенімділігін айтарлықтай арттырады. Тозған бөлшектерді ауыстырамыз, кейбір жабдық толығымен жаңартылады. Бұдан бөлек, стансада модернизация жұмыстары да жүргізіледі. Мысалы, биыл №4 турбоагрегаттың реттеу жүйесі автоматтандырылып, генератордың орамасы толық ауыстырылып, күрделі жөндеуден өтті», – деді Нұртілек Тасатхан.
2-ЖЭО-ға қосымша 360 Гкал жылу қуаты қосылады
Қазіргі уақытта 2-ЖЭО-ның қолда бар жылу қуаты 1965 Гкал-ды құрайды. Бұған қоса стансада су қыздырғыш қазандық цехы кеңейтіліп, №7 және №8 қазандықтар салынып жатыр.
«Екі қазандық іске қосылған кезде қосымша 360 Гкал жылу қуаты қосылады. Оның игілігін бүкіл қала көреді. Дегенмен жаңа қуат көбіне сол жағалаудың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталады», – деді 2-ЖЭО директоры.
Оның түсіндіруінше, елорданың жылумен жабдықтау схемасы жылуды қажетті бағытқа бөлуге мүмкіндік береді. Яғни белгілі бір қазандық немесе турбина тек қаланың бір бөлігіне ғана қызмет көрсетпейді.
«Біздің схеманы икемді деуге болады. Қыздырылған суды қажеттілікке қарай қаланың ескі бөлігіне де, жаңа бөлігіне де бағыттай аламыз. Бір қондырғы тек сол жағалауды, екіншісі тек оң жағалауды жылытады деген шектеу жоқ», – деді ол.

Қала өскен сайын жылу қуаты да ұлғайып келеді
Нұртілек Тасатхан Астанада халық саны мен құрылыс көлемінің өсуіне байланысты жаңа жылу нысандары салынып жатқанын атап өтті. Соның ішінде «Тельман» газбен жылыту стансасы мен 2-ЖЭО-дағы жаңа су қыздырғыш қазандықтар қаланың жылу қуатын арттыруға бағытталған.
«Астана жылдан-жылға өсіп келеді, тұрғындар саны да артып жатыр. Соған сәйкес жаңа жылу нысандары салынып, қолданыстағы қуаттар кеңейтілуде. Қазіргі таңда «Астана-Энергия» беріп отырған жылу қаланың қажеттілігін толық қамтамасыз етеді», – деді Н.Тасатхан.
Жылу энергетикасы нысандары ауа райына қарай жұмыс режимін өзгертіп отырады. Күн жылы кезде қажетті мөлшерде ғана жылу өндірілсе, температура күрт төмендегенде стансалардың жүктемесі артады. 2-ЖЭО басшылығының мәліметінше, биылғы жылыту маусымына қажетті отын қоры жиналып, негізгі жабдықтар жөндеуден өткізілген.
Еске сала кетейік, 2 қазанда Астанада жылу беру маусымы басталды.