Елімізде көмір химиясын дамытуға арналған жаңа жобалар жүзеге асуда

Бүгін, 13:08
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде көмір химиясын дамытуға арналған жаңа жобалар жүзеге асуда
Фото: magnific.com

Қазақстанда көмірді терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім өндіруге бағытталған жаңа перспективалы өнеркәсіп бағыты – көмір химиясы қалыптасып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта салада үш ірі инвестициялық жобаны іске асыру басталды.

Қарағанды облысында жылына 1 млн тонна металлургиялық кокс өндіретін зауыт салу жобасы іске асырылуда. Қытайлық инвестормен инвестициялар туралы келісімге қол қойылды.

Павлодар облысында «Naz Dan Group» ЖШС көмірден дизель отынын өндіру жобасын іске асыруда. Кәсіпорынның қуаты жылына 100 мың тоннаны құрайды. Компанияға жер қойнауын пайдалану лицензиясы берілді.

Қарағанды облысында «Alfa Plast» ЖШС жылына 100 мың тонна дизель отынын өндіру қуаттылығына ие ұқсас жобаны іске асыруда. Жер қойнауын пайдалану лицензиясы берілді.

Көмір химиясы саласын жүйелі дамыту мақсатында Энергетика министрлігі көмір химиясы және көмір өндіруші компаниялармен, басқа да мүдделі ұйымдармен бірлесіп, 2026–2031 жылдарға арналған Қазақстанның көмір химиясы өнеркәсібін дамыту жөніндегі жол картасының жобасын әзірледі.

«Жол картасының жобасына көмірді терең өңдеуге бағытталған бірқатар перспективалы жобалар енгізілді. Атап айтқанда, Қарағанды облысында «Qarmet» АҚ базасында жылына 200 мың тоннаға дейін шайырды өңдеуді, 35 мың тоннаға дейін бензол өндіруді және кокс газын тазартуды көздейтін коксохимия кластерін дамыту жоспарлануда», - делінген хабарламада.

Абай облысында «Samal Commodities» ЖШС 300 мың тонна аммиак және 520 мың тонна карбамид өндіруді жоспарлап отыр.

Павлодар облысында «Қаз Недро Ресурс» ЖШС Сарыкөл кен орны базасында жылына 100 мың тонна дизель отынын өндіру жобасын қарастыруда.

Еске салсақ, «ҚазМұнайГаз» ЖИ көмегімен қосымша 161 мың тонна мұнай өндіруді қолға алмақ.